Елімізде әрбір үшінші адам қанға мұқтаж. Қазақстанда ақпан айы «Қан тапсыр – өмір сыйла» атты ерікті қан тапсыру айы деп жарияланған. Күн сайын қанға мұқтаж науқастар саны артып келеді. Денсаулық саласының мамандары да осы бастаманы насихаттап, азаматтарды донорлыққа шақырып отыр. Шығыс Қазақстан облыстық қан орталығы өңірдің денсаулық сақтау саласының басшылары мен мамандары үшін ашық есік күнін өткізді.

Қан орталығында мыңға жуық тұрақты донор бар. Олар өзгеге өмір сыйлау үшін қан тапсыруды дәстүрге айналдырған. Олардың арасында Естай Туғамбаев та бар. Бұл игі істі ол өмірлік ұстанымына айналдырған.

Естай Туғамбаев, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:

Біздің елімізде халқымызға мұқтаж болып отырған жандарға қан құю мәселесі бойынша шешіп, көмек көрсетуге келіп отырмыз. Әрина облысымыздың басқа аумақтарында да осындай шаралар өтіп жатыр. Сондықтан әріптестеріме осындай процедураларды өтіп, мұқтаж болған жандарға көмек көрсетіп, жәрдемдесуіңізді сұраймын.

Қан тапсыру – бұл өмірді құтқаратын маңызды әрі игі іс. Қан мен оның компоненттерінің тұрақты қоры денсаулық сақтау жүйесі үшін аса қажет. Мамандардың айтуынша, күн сайын орта есеппен 30-дан 50 адамға дейін қан тапсырады. Әрбір медициналық ұйымның қан компоненттеріне деген қажеттілігінің өзіндік көлемі бар. Аталған деректерге сүйене отырып, өтінімдер жасалып, донорлар шақырылады.

Ержан Мейірбаев, Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының бас дәрігері:

Жедел жәрдем қызметкері ретінде қанның қаншалықты маңызды екенін бізден артық ешкім түсінбейді. Түрлі жағдайлар мен жарақаттардың ортасында жүріп, донорлыққа осылай ұйымшылдықпен келу — көпке үлгі боларлық іс. Донорлар тек алғашқы көмек көрсетіп қана қоймай, өз қанымен адамға өмір сыйлап жатыр.

Бүгінде Шығыс Қазақстан облыстық қан орталығының базасында 40 мыңға жуық донор бар. Олар белсенді азаматтық ұстанымы мен басқаларға көмектесуге шынайы ниеті бар адамдар.

Аяулым Усинова