Теміржол – қауіпті аймақ. Ескертуге қарамастан, қауіпсіздік талаптарын елемейтіндер аз емес. Соның салдарынан өңірде екі қайғылы жағдай тіркелді. Қазіргі таңда Өскемен-1 станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызмет көрсету аумағында теміржолдағы жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстар күшейтілуде.

Мамандардың айтуынша, пойыздың тоқтау қашықтығы бірнеше жүз метрге дейін жетеді. Яғни, машинист шұғыл тежегішті қолданғанымен, құрамды бірден тоқтату мүмкін емес. Теміржолды кесіп өтпек түгілі оның жанында тұрудың қауіпті екенін тұрғындар жақсы біледі. Соған қарамастан, жолды қысқарту үшін кесіп өтіп жатады. Мұның соңы теміржолда жарақат алуға немесе өлімге әкеп соғады. Ескерту жұмыстары жүргізілгеніне қарамастан, теміржол аумағында орын алған жазатайым оқиғалар жиіледі. Негізгі себептердің бірі – қауіпсіздік талаптары мен жол жүру ережелерін сақтамау.

Асхат Тоқтаров, «Өскемен-1» станциясындағы Желілік полиция бөлімі бастығының орынбасары:

Қазіргі таңда «Өскемен-1» станциясындағы Желілік полиция бөлімінің қызмет көрстеу аумағында полиция қызметкерлерімен теміржолда жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталған профилактикалық шаралардың күшейтілуіне қарамастан, өкінішке орай ағымдағы жылдың теміржолдағы жарақат бойынша 2 дерек орын алды. Атап айтқанда, Өскемен мен Глубокое ауданы аумағында орналасқан теміржол бойында мас күйде жүрген азаматтар пойыз астына түскен. Ал, тағы бірі жол ережесін сақтамаудан орын алып отыр. Тұрғындарға ескерте отырып, теміржол қауіпті аймақ болып саналады. Өз өмірлеріңізге жауапкершілікпен қараңыздар деп ескертеміз.

Бұдан бөлек, жолаушылар пойызында, теміржол вокзалында және әуежайда суық қару, оқ-дәрілер, жарылғыш заттарды, пиротехникалық бұйымдар, сондай-ақ тез тұтанатын жанар-жағармай түрлерін алып жүруге қатаң тыйым салынады. Аталған заттар анықталған жағдайда, азаматтар ҚР заңнамасында көрсетілген талаптарға сәйкес жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Бүгінгі күні желілік полиция өкілдері түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін ескертуде. Теміржолдағы бір сәттік бейқамдық орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін. Сондықтан, мамандар қарапайым қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.

Фатима Тілейханқызы