Өскемендегі Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Рамазан айына арналған жиын өтті. Басқосуда қасиетті айдың рухани маңызы кеңінен айтылып, ораза ұстаудың тәртібі мен пітір садақаның шарттары түсіндірілді.
Рамазан айы 19 ақпанда басталып, 19 наурызда аяқталады. Биыл Ораза айт мерекесі 20 наурызға сәйкес келіп тұр. Пітір садақа мөлшері жан басына шаққанда 735 теңге болып бекітілді. Бұл сома 2 келі ұнның орташа нарықтық бағасына негізделген. Пітір садақаны Рамазан айының бірінші күнінен бастап айт намазына дейін беруге болады.
Думан Сайфуллин, ШҚО бас имамы:
Бізде осы Рамазан айының алдында тұрмыз. Рамазан деген кезде біздер тек қана таңнан кешке дейін ауыз бекітіп жүру емес, рухани кемелденудің, қайырымдылық жасаудың, ренжіткен адамдар болса татуласатын, адам барынша жақсылық, сауапты істер жасайтын ай болып саналады.
Жиында оқушылардың денсаулығы мәселесі де қаралды. №1 емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері рамазан айындағы оқушылардың денсаулығы мәселесін қозғады. Оқу мен оразаны үйлестіру арқылы денсаулыққа зиян келтірмеу жолдары жөнінде кеңес берді.
Дана Қайратова, Өскемен қ. №1 емханасының жалпы тәжірибелік дәрігері:
Бұл ораза кезінде қозғалатын мәселе біздің оқушылардың денсаулығы, ораза ұстауға оқушыларға қан аздығымен ауыратын оқушылар болуы мүмкін. Олардың ұйқысы қанбайды және оқуға деген үлгерімі нашарлауы мүмкін. Сондықтан да біз оқушыларға, денсаулығы келмейтін оқушыларға ораза ұстамауды айтамыз.
Баспасөз конференциясында әлеуметтік бағыттағы мәселелер де назардан тыс қалмады. Мұқтаж отбасыларға көмек көрсету, азық-түлік себеттерін тарату жоспары бекітілді.
Аяулым Усинова