Облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жасөспірімдермен кездесу өтті. Жиында құқық қорғау органдарының өкілдері спортшыларға қазіргі заманғы өзекті мәселелер — буллинг, интернет-алаяқтық, кибербуллинг және есірткі қылмысына қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Құқық қорғау органдарының өкілдерімен кездесуге облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері қатысты. Шараның мақсаты — жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Тәртіп сақшылары жасөспірімдерге буллинг, интернет-алаяқтық, кибербуллинг тақырыбындағы баяндамаларын оқып құқық бұзушылықтың салдарын егжей-текжейлі түсіндірді

Мұрат Байболов, ШҚО мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры:

Кездесуге мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, сноуборд, тау шаңғысы және фристайл-могул бөлімдерінің спортшылары қатысты. Дәріс барысында құқық қорғау органдарының өкілдері буллинг, интернет-алаяқтық, кибербуллинг, есірткі мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл — қазіргі жасөспірімдер үшін өте өзекті тақырыптар. Спортшылар спикерлердің баяндамасын тыңдап, өздеріне қажетті ақпарат алды деп ойлаймын.

Қазіргі заманда гаджеттердің тиімділігінен гөрі зияны көп, дейді сала мамандары. Себебі, алаяқтар заманауи құрылғылар мен технологияларды пайдаланып, жасөспірімдердің және азаматтардың қалтасына қол сұғады. Құқық қорғау органдарының өкілдері дропперлік, қаржы пирамидалары және басқа да алаяқтық схемалардан сақтанудың жолдарын нақты түсіндіріп, жастарға қаржылық қауіпсіздіктің маңыздылығын ескертті.

Жандос Мұзтауов, ШҚО бойынша экономикалық тергеп - тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі:

Мұндай кездесулердің маңызы зор. Себебі, қазіргі жоғары технологиялар заманында қаскөйлер түрлі әдіс-тәсілдерді пайдаланып, азаматтарды алдауға тырысуда. Өкінішке қарай, тәуекел тобына жастар да кіреді. Жасөспірімдер ересектермен қатар гаджеттерді, төлем карталарын белсенді қолданады, сондықтан олар да алаяқтардың құрбанына айналып жатады. Кездесу барысында дропперлік, қаржы пирамидалары және басқа да қаржылық құқықбұзушылық түрлері туралы айтып, алаяқтардың арбауына түспеу жолдарын түсіндіреміз.

Қазіргі кезде жасанды интеллект кеңінен қолданылғанымен, алаяқтар да оны өз мақсаттарына пайдалануы мүмкін. Сол себепті жеке деректер мен биометриялық мәліметтерді әлеуметтік желіге жүктемеген абзал. Бұл сіздің фотосуретіңіз немесе басқа деректеріңіз болуы мүмкін. Мамандар қаскөйлер осындай ақпаратты өз пайдасына қолданып сізді сан соқтыруы мүмкін екенін ескереді.

Нұрай Арыстанбек, Облыстық ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі:

Шараның мақсаты — жастарды кең таралған құқықбұзушылықтардан сақтандыру және олардың құқықтық сауаттылығын арттыру. Кездесу барысында қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік түсіндірді. Қазіргі кезде жасанды интеллект кеңінен қолданылғанымен, оны алаяқтар да өз мақсаттарына пайдалануда. Алайда заң алдында жауапкершілік әрқашан технологияны қолданған адамға жүктеледі. Жастар арасында жиі кездесетін мәселелердің бірі — дропперлік. Яғни жеке деректерін немесе банк карталарын үшінші тұлғаларға беру арқылы заңсыз ақша айналымына қатысу. 2025 жылғы 16 қыркүйекте Қылмыстық кодекстің 232-1-бабы енгізіліп, дропперлік үшін 4 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қарастырылған.

Жиында жасөспірімдер өздерін толғандырған сұрақтарға нақты жауап алып, құқықтық сауаттарын арттыруға мүмкіндік алды.

Дмитрий Пятаков, ШҚО мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі:

Бізге құқық қорғау органдарының өкілдері келіп, алаяқтықтың түрлері және оның бізге қалай әсер етуі мүмкін екені туралы түсіндірді.Кездесу барысында бейтаныс адамдармен байланысқа түспеу, күмәнді қоңырауларға жауап бермеу және SMS арқылы келген кодтарды ешкімге айтпау керектігі ескертілді. Менің ойымша, қаржылық қауіпсіздік — өте маңызды мәселе. Себебі жасөспірімдер алаяқтардың қандай қауіп төндіруі мүмкін екенін әрдайым біле бермейді. Сондықтан осындай түсіндіру жұмыстары біз үшін аса маңызды.

 «Заң мен тәртіп» қағидаты аясындағы кездесулер жас өрендерге құқықтық сауаттарын арттыруға, алаяқтық пен киберқылмыстан сақтануға нақты түсінік береді. Мұндай шаралар алдағы уақытта да жағасын табады.

Нұртас Қайролдаев