Өскеменде белгілі суретшілер — Людмила Ким мен Наталья Краснобаеваның көрмесі ашылды. Экспозицияда қырықтан астам шығарма ұсынылған. Олар түрлі техника мен жанрларда орындалған. Әр туынды авторлардың өзіндік стилі мен шығармашылық қолтаңбасын айқын көрсетеді.
Көрмеде ұсынылған туындылар көрермендерді ерекше атмосфераға жетелегендей. Экспозицияда пейзаждар, портреттер және тақырыптық композициялар қойылған. Авторлар әртүрлі техника мен жанрда жұмыс істей отырып, шығармашылық ізденістерінің сан қырын және жеке көркемдік көзқарастарын танытады.
Мақпал Қатпенова, ШҚО музей-қорығының бөлім меңгерушісі:
Көрменің ерекшелігі — мұнда кәсіби емес, әуесқой суретшілердің туындылары ұсынылған. Олар есейген шақтарында келіп, бейнелеу өнерін меңгере бастаған. Орындау техникасы мен сюжеттік шешімі жағынан олардың жұмыстары кәсіби суретшілердің еңбектерінен кем түспейді. Көрмеде портрет, пейзаж, анималистік және тұрмыстық жанрдағы түрлі шығармалар қойылған.
Суретші Наталья Краснобаева кескіндеменің реалистік мектебі дәстүрінде жұмыс істейді. Оның әрбір туындысынан заманауи өмірдің тірі тынысы сезіледі. Натюрморттар, жанрлық көріністер, портреттер — ол үшін жай ғана пішін мен композиция емес, оқиғаны баяндаудың, көңіл-күйді жеткізудің және адамның ішкі жан дүниесін ашудың бір тәсілі.
Наталья Краснобаева, суретші:
Мен әсем натюрморттарды бейнелеуді жақсы көремін, заттардың сұлулығын көрсеткенді ұнатамын. Маған көңіл күйді, адамның болмыс-бітімін ашып көрсету ұнайды. Сол сәттегі оның жанары мен ішкі күйін жеткізіп, өмірден алынған көріністерді көрермен жадында сақталатындай етіп бейнелеуге тырысамын.
Суретші Людмила Ким көрермендерге жаңа туындылар сериясын ұсынды. Бұл топтамада пейзаждар мен анималистика жанрындағы жұмыстарға ерекше орын берілген. Оның картиналарында аймақтың көзге таныс кең даласы, туған жердің бояулар байлығы және жануарлар әлемінің айқын бейнелері көрініс тапқан.
Людмила Ким, суретші:
Мені ең көп шабыттандыратын — біздің өңірдің табиғаты. Туған өлкеміздің тұмса табиғатын және жануарлар әлемін бейнелеуді жақсы көремін.
Көрме сәуір айының ортасына дейін жалғасады. Қала тұрғындары мен қонақтары суретшілердің шығармашылығымен кеңінен танысуға мүмкіндік бар.
Сая Жарасқызы