Жаңа Конституция жобасы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды басты бағыт ретінде айқындайды. Сонымен қатар, оның ережелері мемлекетіміздің институционалдық негізін жаңғырту үдерісінің аяқталғанын көрсетеді. Мемлекет басшысы Конституциялық комиссия мүшелерімен кездесуде жаңа құжат қоғамның қазіргі құндылықтарын айқындап қана қоймай, елдің ұзақ мерзімді дамуына сенімді негіз болатынын жеткізді.

Атап айтқанда, жобаға алғаш рет адвокатура мен адвокаттық қызметке арналған арнайы бап енгізілді.Сарапшылардың айтуынша, бұған дейін адвокатураның дербес құқықтық институт ретіндегі ерекше мәртебесі Конституция деңгейінде айқындалмаған.

Дарья Заварзина, ШҚО адвокаттар алқасының адвокаты:

Бұл – 86-бап. Онда Қазақстан Республикасындағы адвокатураның мемлекет кепілдік берген әр адамның сот арқылы қорғалу және заң көмегін алу құқығын жүзеге асыруға жәрдемдесетіні көрсетілген. Заң көмегін адвокаттар және заңда көзделген өзге де тұлғалар көрсетеді. Сонымен қатар, «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заңның 45-бабының 4-тармағына сәйкес, қылмыстық істер бойынша кәсіби қорғауды тек адвокаттар жүзеге асырады. Себебі қылмыстық процесте азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын барынша толық қорғау талап етіледі.

Егер қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікпен ұсталған адамға оның құқықтары мен ұстау негіздері түсіндірілмесе, кейінгі іс-әрекеттердің барлығы сотта жол берілмейтін дәлелдемелер деп танылуы мүмкін. Мамандардың айтуынша, Конституцияның жаңа жобасы адвокатураның айрықша мәртебесін бекітеді. Бұл – мемлекет кепілдік берген сот арқылы қорғалу және заң көмегін алу құқығын жүзеге асыруға ықпал ететін маңызды құқықтық институт.

Қымбат Иманғали