Нұрымбет Сақтағановтың Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалғанына тура бір жыл толды. Бұл кезең өңірде жүйелі жұмысты жолға қоюмен және нақты нәтижеге бағытталған басқару моделін қалыптастырумен ерекшеленді. Аймақ басшысы өңірдің кешенді дамуына баса назар аударды. Ол әр қала, ауданды аралап, халықпен түрлі кездесулер өткізді. Еңбек ұжымдары, кәсіпкерлік қауымдастық өкілдерімен жүздесіп, өзекті мәселелерді тікелей талқылады. Қысқа мерзім ішінде ауқымды жұмыс атқарып, оң көрсеткіштерге қол жеткізді.

Нақты жобалар, инвестициялық шешімдер мен ауқымды инфрақұрылымдық жаңғырту жұмыстары – жүйелі басқару тетіктері мен өңір басшысының жеке бақылауының нәтижесі. Осылайша, 2025 жыл Шығыс Қазақстан үшін нақты істер мен ілгерілеу кезеңі ретінде есте қалды. Жыл қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 5,2%-ға өсіп, 838 млрд. теңгеден асты. 2026 жылы өңірге бір триллион теңгеден астам инвестиция тарту жоспарланып отыр. Бүгінде аймақтың цифрлық инвестициялық платформасы арқылы жалпы құны 1,8 трлн. теңгені құрайтын 65 жоба жүзеге асырылуда. Экономиканың негізгі қозғаушы күші құрылыс саласы. Сала өсімі 9,3%-ды құрап, көлемі 458,8 млрд. теңгеге жетті. 407 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Сондай-ақ сауда және агроөнеркәсіп кешені оң өсім көрсетті. Агроөнеркәсіп өнімінің көлемі 554 млрд. теңгеден асты.

Экономикалық көрсеткіштер еңбек нарығына тікелей әсер етті. 2025 жылы өңірде шамамен 29 мың жұмыс орны құрылды. Оның ішінде 22 мыңнан астамы – тұрақты жұмыс орындары.

Өңір инфрақұрылымдық дамуды жүйелі түрде күшейтіп келеді. 2025 жылы республикалық және жергілікті маңызы бар автожолдардың 856 шақырымы жөнделді. «Омбы – Майқапшағай», «Өскемен – Талдықорған» және «Өскемен – Семей» бағыттарындағы тасжолдарда жұмыстар аяқталды. Зайсан және Катонқарағай ауданында екі заманауи әуежайдың құрылысы жалғасуда. Оларды іске қосу биылғы жылға жоспарланған. Сонымен қатар, Ертіс өзені арқылы кеме қатынасын дамыту, Тұғыл ауылында порт салу және Майқапшағайға дейін теміржол тарту мәселелері талқылануда. Өткен жылы өңір басшысы туризмді дамытуға ерекше назар аударды. Бұл саланың Шығыс Қазақстан экономикасының қозғаушы күшіне айналып, экономиканы әртараптандыруға, шағын және орта бизнестің өсуіне және жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал ететіні атап өтілді. Өңір халықаралық деңгейде де өзін ілгерілетіп келеді. Соның ішінде National Geographic үшін ақпараттық тур ұйымдастыруға дайындық жүргізілуде. Бұдан бөлек, медициналық және экологиялық туризмді дамытуға басымдық берілуде.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Туризмді дамыту – бұл инфрақұрылым, жолдар, байланыс, қауіпсіздік, жол бойындағы қызметтер, тамақтану және қызмет көрсету сапасы. Біз осы мәселелерді жүйелі түрде шешумен айналысып келеміз.

Облыс әкімі бірнеше мәрте бизнесті дамыту мен инвестиция тартудың маңыздылығын атап өтті. Сондай – ақ кәсіпкерлікті қолдау өңірлік саясаттың басты басымдықтарының бірі екендігін жеткізді.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Біздің өңір қарқынды дамып келеді. Басқа аймақтармен салыстырғанда орташа жалақы деңгейі де айтарлықтай жоғары. 2030 жылға қарай Өскемен қаласының халқы 500 мыңнан асатынына сенімдіміз. Басты міндетіміз – осы мақсатқа жету үшін қажетті инфрақұрылымды, ең алдымен тұрғын үйді, уақытында құру. Мемлекеттік және салалық бағдарламалар аясында құрылыс көлемі артуда. Үшіші ЖЭО іске қосу жоспарланған. Биыл 2-ші қазандық қондырғысын реконструкциялауды бастаймыз.

Жүйелі басқару жұмысы бір жыл бұрын басталған. Нәтижесі де айтарлықтай. Шығыс Қазақстан облысын 2030 жылға дейін дамыту стратегиясына сәйкес өңірдің басты басымдықтары – Өскеменді хаб-қала ретінде дамыту. Бұдан бөлек, шекаралық аймақтардың рөлін күшейтіп, өнеркәсіп пен агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту. Сонымен қатар, терең өңдеу және энергетиканы дамыту көзделген. Стратегияны іске асыру үшін арнайы орталық құрылады. Жол картасы бекітілмек.

Гүлдана Айдарқызы