Өңір спортшылары киокушинкай-кан каратеден өткен халықаралық додада жоғары нәтиже көрсетті. 13–15 ақпан күндері Мәскеуде «Seiken Open Cup-2026» турнирі ұйымдастырылған болатын. Жерлестеріміз жүлделі орындарға ие болып, өңір мерейін асқақтатты. Жүлдегерлерді әріптесім Нұртас Қайролдаев та құттықтап қайтты.

Киокушинкай-кан каратеден өткен халықаралық турнирге биыл 18 мемлекеттен 1000-нан астам спортшы қатысты. Әр спортшы жасы мен салмақ дәрежесіне қарай өзара кім мықтыны анықтады. Байрақты бәсекеде ел намысын қорғаған жерлестеріміз екі алтын және екі күміс медаль еншілеп қайтты.

Әліби Қанқожаев, аға жаттықтырушы:

Мәскеу туралы айтсақ кезінде 2006-2007 жылдары өзім де қатысқам осы жарысқа. Екінші үшінші орын алып жүрдік. Сол кезден арманым болатын осы жарысты жеңу. Өзіміз арманыма жетпесем осы біздің балаларымыз жетті деп айтуға болады. Оқушыларымыз өте жақсы нәтиже көрсетті. Төрт баламыз шығыстан барып 2 бірінші орын және 2 екінші орын Енді мынау екінші әлем турнирі деп айтуға болады. Жоғарғы деңгейде өтті халықаралық жарыс. Тағы бір мәрте айтайын арманым болған арманыма жеттім. Біз осы жолы әлем чемпионатында Токиода жақсы нәтиже көрсеттік. Енді Мәскеуді ұттық. Енді келе жатқан Азия біріншілігіне іріктеу кезеңі бар, бұл сол жарысқа дайындық. Осы жолы орын алған балалар өтеді деп ойлаймын. Келесі мақсатымыз Азияны ұту керек.

Байрақты бәсекеде жеңімпаз атанғандардың бірі – Жәңгір Әмірғалиев. Ол «Seiken Open Cup 2026» турнирінде 12–13 жас санатында, +60 келі салмақта қарсыластарын ойсырата жеңіп, алтын медаль иеленген.

Жәңгір Әмірғалиев, «Seiken Open Cup-2026» турнирінің жеңімпазы:

 «Seiken Open Cup 2026» турнирінде 12–13 жас санатында, 60 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсеттім. Жарысқа өте жақсы дайындықпен бардым деп ойлаймын. Жаттықтырушыларыма алғыс білдіремін. Қарсыластар арасындағы бәсекелестік өте жоғары болды. Бұған дейін Жапония мен Германияда өткен әлем чемпионаттарына қатысқандықтан, қорқыныш болған жоқ. Дайындық жоғары деңгейде өтті.

14–15 жас санатында 45 келі салмақта сынға түскен Алдияр Талғатов та қарсыластарынан басым түсіп, турнир қорытындысы бойынша алтын медальға ие болды. Жас өреннің жеңісі облыстағы киокушинкай-кан каратенің дамуы мен жүйелі дайындықтың жемісі.

Алдияр Талғатов, «Seiken Open Cup-2026» турнирінің жеңімпазы СНХ:

Мен «Seiken Open Cup 2026» турнирінде бірінші орын алдым. Дода тартысқа толы болды. Қарсыластарымның басым бөлігі Ресейлік спортшылар. Әсіресе Кемерово облысының спортшыларының деңгейі жоғары. Тактикалық тұрғыдан сауатты. Дегенмен айқын басымдылықпен жеңіске жеттік.

Ал қыздар арасында үздік атанған спортшы – Ақерке Болатова. Ол 14–15 жас санатында 60 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, күміс медаль еншіледі. Жас спортшы бұл жеңіліс емес алдағы жеңістерге жол ашқан мүмкіндік,дейді.

Ақерке Болатова, «Seiken Open Cup-2026» турнирінің күміс жүлдегері:

Бұл жарыс мен үшін керемет маштабта өтті. Бірақ, мен соңғы кезеңде ұтып қалдым. Кішкене күшім жетіспеді. Бірақ, келесі жарыста жеңуге тырысамын. Негізі екінші орын деген күшті ғой. Оған көбі жете алмайды. Бірақ, кішкене көңіл-күйім түсті. Оған қарамастан, екінші орында тұрғаныма қуандым.

Шығысқазақстандық спортшылардың халықаралық аренадағы жеңісі – өңірдегі карате мектебінің жоғары деңгейде екендігінің дәлелі. Енді спортшылар алдағы Азия біріншілігіне дайындықты бастап, ел намысын абыроймен қорғауды мақсат етіп отыр.

Нұртас Қайролдаев