Өңір экономикасының даму динамикасы тұрақты. Облыс орталығында шоғырланған ірі кәсіпорындар мен экономиканың дамуына серпін беретін өзге де салалардың өнім өңдеудегі үлесі жыл өткен сайын артып келеді. Болашағы зор жобаларға инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарының ашылуы және инвесторларға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыс нәтижелі жүргізілуде. Бұл ретте экспорттық әлеуеті жоғары өңір үшін логистиканың маңызы ерекше. Тауар айналымының өсуі көлік дәліздерінің тиімділігіне, кедендік рәсімдердің жеделдігіне және инфрақұрылымының дамуына тікелей байланысты. Әсіресе, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және сыртқы сауда көрсеткішін арттыру үшін көлік, инженерлік, цифрлық инфрақұрылымның талапқа сай болуы стратегиялық маңызға ие.

Шығыс Қазақстан – өндірістік әлеуеті жоғары стратегиялық аймақтардың бірі. Экономикалық тұрғыдан алғанда, өңірдің дамуы сол ресурстарды өңдеуге бағытталған қуатты өнеркәсіптік инфрақұрылыммен тығыз байланысты. Табиғи ресурстарды тиімді әрі кешенді игеру, инновациялық технологияларды енгізу және инвестиция тарту экономикаға оң серпін береді. Мәселен, бүгінде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3,3 трлн теңге жетті. Оның 2,9 трлн теңгесі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Соңғы жылдардың көрсеткішімен салыстырғанда өнеркәсіпте – 125,9 %, өңдеу секторында – 126,6% өсім байқалады.

Бұдан бөлек өңірде инвесторларға барынша көмек көрсетілуде. Президент тапсырмасы бойынша прокуратура органдары инвестициялық жобаларды сүйемелдеуді жүзеге асырады. Негізгі мақсат – бизнестің дамуына, экономиканың ілгерлеуіне мүмкіндік беретін қолайлы құқықтық орта қалыптастыру.

Ануар Төлеухан, облыстық туризм басқармасының бөлім басшысы:

Өткен жылы экономикалық қызметтің барлық түрлері бойынша негізгі капиталға салынған инвестицияның жалпы көлемі 838 млрд теңгеден асты бұл 2024 жылмен салыстырғанда 8,3 пайызға жоғары. Өнеркәсіпке салынған негізгі инвестициялар көлемі 303 миллиард теңігені құрайды. Бұл жалпы көлемнің 36 пайызына тең. 9 айдың қорытындысы бойынша тікелей шетелдік нвестициялар көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 3 есе өсіп, 1 миллиард 617 млн. АҚШ долларына жетті.

Шығыс Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені де елдегі жетекші салалардың бірі. Өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 554,6 млрд теңгеге жетті. Өңір майлы дақылдар өндіру бойынша алдыңғы қатарда. Бүгінде экспорттық әлеует те тұрақты. Өнім түрлері әсіресе, Ресей, Қытай, Қырғызстан және Түркия елдері жөнелтіледі. Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыста 31 кооператив құру жоспарда бар.

Ажар Каджибекова, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

2025 жылдың он бір айында экспорт көлемі 367,3 млн АҚШ долларын құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 20,4 пайызға артты.Сонымен қатар, өңделген экспорттық өнім көлемі жалпы экспорттың 68 пайызын құрап, өткен жылмен салыстырғанда 25,6 пайызға ұлғайды. Бұл облыстың агроөнеркәсіптік кешені өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігінің жоғарылағанын көрсетеді.

Бұдан бөлек, өңірде құрылыс жұмыстарының көлемі 458,8 млрд теңгені құрап, 407,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Облыста республикалық және облыстық маңызы бар 856 шақырым автожол жөнделді. Осы мақсатқа 98 млрд теңге бөлінді. Бұл шаралар көлік қолжетімділігін, логистиканы және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға барынша әсер етеді.

Салтанат Кеңесбекқызы