Аймақта көктемгі су тасқынын алдын алу шаралары пысықталып жатыр. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен өткен жиында жауапты сала мамандарына су тасқынына қарсы іс-шаралар мен техниканың әзірлігін бақылауда ұстауды, бөгеттерді нығайту жұмыстарын тексеруді тапсырды.
Өңірдегі гидротехникалық нысандар тұрақты бақылауда болуы тиіс. 2 наурызға дейін салалық басқарма барлық техниканың жай-күйін және апат алдындағы ықтимал белгілерін анықтау үшін комиссиялық тексеру жүргізуі қажет. Бұқтырма су қоймасы – еліміздегі ең ірі су қоймаларының бірі болғандықтан, оған ерекше назар аударылады. Сала мамандары алдымен мұздың қалыңдығын өлшейді. «Қазгидромет» жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, апта сайын судың деңгейін, қауіпті межелерден асу ықтималдығын және мұз кептелуі мүмкін аймақтарды көрсете отырып, қысқа мерзімді және орта мерзімді гидрологиялық болжамдарды ұсынады.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
1 наурызға дейін «Қазсушар» Шығыс Қазақстан облыстық филиалы, «Шығыс су қоймалары» мекемесі және қала-аудан әкімдері барлық гидротехникалық нысандарды жан-жақты тексеруі қажет. Комиссия олардың техникалық жағдайын, қауіптілік деңгейін, тозу дәрежесін және апат қаупінің бар-жоғын анықтауы тиіс.Ал «Қазгидромет» филиалы мен жергілікті әкімдіктерге өзен-көлдердегі су деңгейін тұрақты бақылап, судың қауіпті межеден асу ықтималдығын және мұз кептелуі мүмкін учаскелерді көрсете отырып, қысқа және орта мерзімді гидрологиялық болжамдар ұсыну міндеті жүктелді.
Қардың белсенді еру кезеңі басталмай тұрып, жауапты мекемелер су тасқынына қатысты үш түрлі болжам әзірлеуі қажет. Бұл ықтимал қауіп-қатерді алдын ала бағалап, қажетті күш пен техниканы нақтылауға мүмкіндік береді. Өңірде 128 гидротехникалық нысан есепке алынған. Ал «Қазсушар» мекемесіне қарасты су қоймалары қазір транзиттік режимде жұмыс істеп тұр. Барлық нысандар тексеріліп, суды апатсыз өткізу жоспары бекітілді. Бөгеттерді нығайту шаралары да қолға алынған.Су тасқынының алдын алу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі тұрақты бақылауда.
Сая Жарасқызы