Шығыс Қазақстан облысының делегациясы Ресейдің Алтай өлкесіне жұмыс сапарымен барды. Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов бастаған ресми делегация құрамында облыстық мәслихаттың төрағасы Денис Рыпаков пен бірқатар басқарма басшылары мен сала мамандары бар. Сапар Барнаул қаласындағы ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын жетекші кәсіпорындардың бірі, инновациялық агроөнеркәсіптік жабдық өндіруші «Комплекс Агро» компаниясынан басталды. Делегация құрамы өндіріс процесімен, кәсіпорынды дамыту жоспарларымен және шығарылатын техника мен жабдық түрлерін кеңейту бағыттарымен танысты. Бұдан бөлек, аймақ басшысы Барнаул қаласындағы «Толмачёвский» жылыжай комбинатының «Алтайское» бөлімшесіне барды. 9,3 гектар аумақты алып жатқан топырақта қияр, салат және хризантема өсіріледі. Одан соң делегация мүшелері қаладағы №136 мектеп пен Алтай мемлекеттік педагогикалық университетін аралап, тәжірибе алмасты. Тараптар білім беру мекемелері арасындағы ынтымақтастық және бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективаларын талқылады. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов бастаған делегация Ресейдің Алтай өлкесінің губернаторы Виктор Томенкомен және Үкімет мүшелерімен кездесті. Шығыс Қазақстанның бірқатар басқарма басшылары баяндама жасап, өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды, алдағы жоспарлар мен мүмкіндіктерді айтты. Алтай өлкесі Үкіметінің мүшелері де экономикалық және мәдени әлеуетін таныстырып, өзара байланысты тереңдете түсудің нақты қадамдарын талқылады.

Кездесу соңында ШҚО әкімі мен Алтай өлкесінің губернаторы келісімдер хаттамасына қол қойды. Онда сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты, ауыл шаруашылығы, туризм, мәдениет, спорт, білім сынды салалардағы әріптестікті күшейту көзделген.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Сапар өте қызықты өтті. Ең бастысы, тығыз, әріптестік байланыс орнаттық. Біз кәсіпкерлеріміз үшін қажетті жағдайларды жасап, екі тарапқа да қолайлы келісімдер мен шарттарға қол қоюға мүмкіндік береміз. Бұл жауапты іс. Виктор Петровичке жылы қарсы алғаны үшін алғыс айтқым келеді. Қайда барсақ та, бәрін мұқият көрсетіп, таныстырды. Көптеген мәселелердің шеті шешілді.

Виктор Томенко, Ресей Федерациясы Алтай өлкесінің губернаторы:

Бүгінгі қорытынды жиында болашақта қалай жұмыс істейтінімізді айқындап алдық. Менің ойымша барлық сала қарқынды дамитын болады. Алда сауда – экономикалық ынтымақтастықтың нәтижелері өсіп, мәдениет саласында жаңа жобалар іске аспақ. Туризм және білім беру саласының артуына сенім білдіреміз. Бұл Шығыс Қазақстан облысы мен Алтай өлкесінде жүзеге асуы мүмкін ірі инвестициялық жобалардың басы.

Денис Рыпаков, Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының төрағасы:

Көптеген медициналық нысандарды, ортопедиялық орталықты араладық. Жұмыс істеу және ынтымақтастық орнату үшін түрлі бағыт қарастырылған. Енді Шығыс Қазақстанға әріптестердің келуін күтеміз. Өзіміздің де ұсынатын жобалар, көрсететін кәсіпорындарымыз бар.

Жасалған келісімдер кәсіпорындар арасындағы қарым – қатынасты нығайтып, бірлескен гуманитарлық және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға сеп.

Гүлдана Айдарқызы