Италиядағы қысқы Олимпиада ойындарына қатысқан Анастасия Городко мен Павел Колмаков Өскеменге оралды. Спортшылар жарыста фристайл могулдан сынға түсті. Рет – ретімен тілші тарқатсын.
Олимпиада ойындарына қатысу – үлкен еңбек пен жетістікті талап етеді. Спортшыларды жерлестері әуежайдан қошеметпен қарсы алды. Қатысушылар жүлдегерлер қатарынан көрінбесе де, жақсы көрсеткішке қол жеткізді. Анастасия Городко әйелдер арасында параллельді могул жарысында қорытынды есепте сегізінші орын алды. Бұл қазақстандық могулшылар үшін маңызды оқиға.
Анастасия Городко, Фристайл-могулдан Олимпиада ойындарының қатысушысы:
Бұл менің екінші Олимпиадам. Дайындық қардынды болды. Осы жолғы жарыс бұрыңғыдан өзгеше болды. Ерекше әсер алдым. Сайыс керемет деңгейде ұйымдастырылған. Бұрын соңды қатысқан ойындардың ең үздігі болды деп айтуға да болады. Барлығы мінсіз. Бүгіннен бастап, қайта күш жинап, қорытындыға жұмыс істейміз. Алға қарай қойылған мақсат көп. Сондықтан тек сәттілік.
Павел Колмаков үшін бұл Олимпиада ойындары спорттық мансабындағы төртіншісі. Ол параллельді могул бойынша жарыста 1/8 финалға дейін жетті.
Павел Колмаков, Фристайл-могулдан Олимпиада ойындарының қатысушысы:
Спортшыларды осылай қолдап, жылы қарсы алып жатыр. Өте қатты қуаныштымын. Біздің еліміз осылай құрмет көрсетіп тұрғанда, талай белестерді бағындырарымызға сенімдімін. Дене шынықтыруым, өзімді сезінуім жақсы болды. Толықтай жарысқа дайын болдым. Бірақ, кейбір сәтте сәтсіздікке ұшырап қалдық. Қазір ес жинап, демалып, қалыпқа келуім керек. Алдағы уақытта тұрақты жаттығуларды жалғастырып, Әлем кубогының финалына дайындаламын.
Милан- Кортина олимпиадасы спортшылар үшін үлкен тәжірибе. Сарапшылар елдегі фристайл мектебінің ілгерлеуі жақсы екендігін айтады.
Дмитрий Бармашов, Фристайл-могулдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері:
Спортшылар бар күш-жігерін салып, 100% өз мүмкіндіктерін көрсетті. Нәтиже де жаман емес. Оларға апта соңына дейін демалып алуды ұсындық. Содан кейін, жаттығуға қайта кірісіп, Әзірбайжанда өтетін Әлем кубогына аттанамыз.
Қазақстандық спортшыларды жаңа белес күтіп тұр. Шеберліктерін шыңдап, халықаралық деңгейде ел намысын қорғауға сақадай сай.
Гүлдана Айдарқызы