Өскемен жастардың көшбасшылық дағдыларын дамытуға, қабілетін жетілдіруге және әлеуметтік маңызы бар бастамаларды қолдауға бағытталған Республикалық жастар белсенділері мектебі өз мәресіне жетті. Үш күнге созылған ауқымды шараға елдің түкпір-түпкірінен белсенді жастар жиналды.

Үш күндік бағдарлама мазмұнды әрі интерактивті форматта өтті. Қатысушылар TED форматындағы сессияларға қатысып, Жастар ресурстық орталығына экскурсия жасады.

Равиль Юнусов, «ШҚО Достық үйі-қоғамдық келісім орталығы» КММ басшысы:

Биыл Республикалық жастар белсенділері мектебіне еліміздің түрлі өңірлерінен қатысушылар келді. Олар қаржы, көпшілік алдында сөйлеу, жасанды интеллект, туризм салаларының сарапшылары. Сондай-ақ «Ассамблея Жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің және ШҚО ішкі саясат басқармасының өкілдері. Біз жастарды шығыстың тұмса табиғаты, саф таза ауасымен демалдырып қайттық. Түрлі акцияларға белсенді түрде қатысып, уақыттарын көңілді өткізіп, жақсы демалды.

Бағдарлама аясында ШҚО-ның туристік әлеуеті тақырыбында talk-сессия ұйымдастырылып, «Smart Finance» тренингі өтті. Қатысушылар қаржылық сауаттылық жолдарын талқылады. Бұдан бөлек, «Public Speaking» тренингі көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын дамытуға бағытталды. Бұдан бөлек, қатысушылар жасанды интеллектінің мүмкіндіктерімен танысып, AI құралдарын қолдану бойынша практикалық сессияға қатысты.

Евгений Кравчук, «Ассамблея жастары»РҚБ Жамбыл облысы бойынша филиалы басшысының орынбасары:

Өте қызық, өте маңызды. Қазақстан жастарын біріктіру мақсатында ұлтаралық саясат аясында маңызды шаралардың бірі. Ұлттарды, жастарды біріктіру үкіметтің басты саясаты болып тұр. Осы 3 күн ішінде көп тәжірибие алдық. Алмастық. Қызықты шаралар болды. Керемет спикерлер болды.

Шара соңында қатысушылар алғыс хаттармен марапатталды. Мектеп қатысушыларына сертификаттар берілді. Республикалық жас белсенділер мектебі өскелең ұрпақ арасындағы көшбасшылық қасиетті дамытуға, жаңа идеяларды қолдауға маңызды серпін берді.

Сая Жарасқызы