Облыс орталығында «Жасанды интеллект дәуіріндегі тілдік өзгерістер» атты семинар өтті. Жиынға қала және аудан мектептерінен келген мұғалімдер, тіл мамандары мен әдіскерлер қатысты. Басқосуда цифрлық технологиялардың тіл мәдениетіне әсері, жасанды интеллект құралдарының білім беру үдерісінде қолданылуы және тілдік нормалардың өзгеруі кеңінен талқыланды.
Семинарды Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығы ұйымдастырды. Шараның мақсаты – заманауи технологияларды тиімді қолдану жолдарын талқылап, өзара тәжірибе алмасу. Жиын барысында қатысушылар ортаға шығып, жасанды интеллектінің тіл саласына ықпалы, білім беру үдерісіндегі мүмкіндіктері және тіл тазалығын сақтау мәселелері бойынша баяндама жасады.
Әсемгүл Абзалова, Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығының директоры:
Сонымен қатар, бұл семинарға қаладағы НЗМ, О.Бөкей атындағы кітапхана ұжымын, Абай атындағы гуманитарлық колледж оқытушыларын шақыртып отырмыз. Бүгінгі семинарда жасанды интеллект бойынша әріптестеріміз өз тәжірибелрімен бөлісіп, дұрыс, оңды нәтижеде өтеді деген сенімдемін.
Мамандардың айтуынша, жасанды интеллект тек техникалық құрал емес, ол тілдік ортаға да ықпал ететін маңызды факторға айналып отыр. Әсіресе, мектеп оқушыларының жазу мәнері, сөз қолданысы мен мәтін құрау дағдыларында өзгерістер байқалады.
Дәулетберді Әуесхан, Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
Тіл мәселесі талқыланатын жиынға қазіргі таңдағы тілдегі өзекті мәселелердің бірі – калька мәселесі туралы сөз қозғауға келіп отырмын. Калька – өздеріңіз білесіздер, қазақ тілінің табиғилығын бұзатын, тіліміздің әсемдігін, көркемділігін бұзатын құбылыс. Осы құбылыс жастар арасында өте дендеп бара жатыр. Тіпті, жастар кейде түсінбей жатады. Қайсысы қазақтың табиғи тілі? Қай сөз нұсқасы калька екендігін. Осы тұста ЖИ бізге көп мүмкіндіктер береді... өте жақсы мүмкіндіктер береді.
Семинар соңында педагогтер жасанды интеллект мүмкіндіктерін білім сапасын арттыру бағытында пайдалану бойынша ұсыныстар айтты. Ұйымдастырушылар мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
Фатима Тілейханқызы