Назарбаев зияткерлік мектебінде аналар форумы ұйымдастырылды. Дәстүрлі кездесу биыл “Ұлт болашағы - аналардың қолында” атауымен өтті. Шара 100- ден астам белсенді ананың басын қосты. Олар бала тәрбиесіне қатысты өзекті мәселелерді талқылап, ұрпақ тәрбиелеудегі отбасы құндылықтарының насихатталуын сөз етті.

Әйел адам-шаңырақтың алтын қазығы,отбасының ұйытқысы. Берері мол басқосудың шымылдығы сахналық қойылыммен ашылды. Спектакльде оқушылар мен ұстаздар қауымы асыл ананың өмірдегі орнын айшықтап көрсетіп, жиналғандардың жүрегін тебірентті. Кейін аналар шараға арнайы шақырылған қонақтармен перзент тәрбиелеудің бірқатар мәселелерін талқылады.

Перизат Жұмаханова, ата – ана:

Бұл шара былтыр әкелер форумы болған. Оның алдында аналар форумы өткен болатын. Ананың өзі де өте көп білім алады, тәрбие алады бала жолында. Бұл мектепте өте көп білім береді. Коммуникативті тұрғыда дайындайды, өмірге деген құлшылықтарын, жаңашыл білім беріп отырады. Осы мектеп балаларым оқып жатқанына өте қуаныштымын.

Форумның екінші бөлімі тіптен ерекше. Бағдарлама аясында ата-аналар шеберлік сабақтарға қатысты. Ана мен бала арасындағы қарым-қатынас нығайып, қатысушылар өз сезімдерін паш етті. Үлгілі ана Жансая Есенбаева шарадан алған әсерімен бөлісті.

Жансая Есенбаева, ата – ана:

Аналар форумына қатысқаныма өте қуаныштымын. Өз балам алғашқы жыл мектепте оқып жатыр 7 сыныпта. Осы форум арқасында қазіргі зымыраған заманда өмірдегі ең маңыздысы не екенін, бірер уақыт аялдап есімізге түсірдік. Әрқайсымыз ана болу қиын екендігін ұғамыз. Осы жолда тәрбием дұрыспа мен барлығын дұрыс жасап жатырмынба деген сұрақтарды жиі қойып жатамыз. Осы форум арқасында қалыс қалып жатқан жерлерімізді байқадық.

Қазір Назарбаев зияткерлік мектебінде 800 бала білім алады. Мектеп директоры Данияр Уәлиевтің сөзінше, бүгінгі күні ананың жауапкершілік аясы бұрынғыдан әлдеқайда кеңейген. Сондықтан ашық диалог алаңдары – тәжірибе алмасып, өзара қолдау табудың тиімді жолы.

Данияр Уәлиев, Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры:

Жалпы мектептегі тәрбие жұмысында осы құндылықтар әрдайым қарастырылады. Сабақ барысында біздің бағдарламаға тәрбие, патриоттық отбасы құндылықтары барлығы енгізілген сабақ барысында да, тәрбие жұмысы барысында да ол айтылады. Себебі мектеп пен отбасы біртұтас, бала мектепте болған кезде ана бақытты болса, бала да бақытты болады.

Мұндай бастамалар облыста бала тәрбиесіне қоғам болып көңіл бөлу мәдениетін қалыптастыруда сеп.

Гүлдана Айдарқызы