Өскемен – елдегі трамвай қатынасы сақталған санаулы үш қаланың бірі. Былтыр бюджет есебінен үш жаңа трамвай сатып алынса, тасымалдаушылар қаражаты есебінен 45 автобус пен 14 шағын автобус жаңартылды. Алдағы уақытта 12 электробус сатып алу жоспарланған. Егер электробустар өңірдің климаттық жағдайына бейімделсе, олардың санын кезең-кезеңімен арттыруға мүмкіндік бар. Қызметіне кіріскеніне бір жыл толған Өскемен әкімі Алмат Ақышов тұрғындармен есептік кездесу өткізіп, 2026 жылға межеленген жоспарларымен таныстырды. Толығырақ әріптесім Қымбат Иманғали тарқатсын.
Бір жыл ішінде қала экономикасында оң динамика қалыптасты. Әсіресе, шағын және орта бизнесті қолдау бағытындағы шешімдер өз тиімділігін көрсетті. Айта кету керек, облыс орталығы республикада алғаш болып шағын және орта бизнеске 2 пайыздық салық мөлшерлемесін бекіткен қала. Нәтижесінде кәсіпкерлік саласының көрсеткіштері айтарлықтай өсті. Қазіргі таңда аталған бизнес субъектілері өндірген өнім мен қызмет көлемінің үлес салмағы 46 пайызды құрайды. Ал бұл салада 103 мың адам еңбек етеді, бұл – қаладағы барлық жұмыс істейтіндердің 56 пайызы. Қала бойынша жалпы құны 148 млрд. теңгені құрайтын 20 жоба іске асуда. Есептік кездесуде шаһар инфрақұрылымын дамыту, жол жөндеу, денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы жұмыстар да кеңінен сөз болды. Бір жыл ішінде бұл бағыттарда да ауыз толтырып айтарлық жобалар жүзеге асырылып, нақты нәтижелерге көз жетті.
Алмат Ақышов, Өскемен қаласының әкімі:
Президентіміздің бастамасымен «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында үш мектеп аштық. Ол Уәлиев көшесінде 600 орындық, Бабкина Мельница шағын ауданында бұрын-соңды мүлдем болмаған 300 орындық, және Есенберлин даңғылында 600 орындық мектеп. Мектепке дейінгі оқыту орындары тағы да ашылды. Гемоталогия орталығының құрылысы аяқталуға жақын. Бұл соңғы үлгіде жабдықталған, онкологиялық аурулары бар қан ауруларымен ауыратын науқастар үшін өте қолайлы болмақ.
Кездесуде қала тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Шағын аудандардағы түйіткілдер назардан тыс қалмады.
Қала әкімі Алмат Ақышов бұл мәселелер бойынша шағын аудандарға арнайы барып, жағдайды өз көзіммен көруге уәде берді. Жауапты сала мамандарына тұрғындардың өтініштерін тіркеп, кезең-кезеңімен шешуді тапсырды.
Қымбат Иманғали