Аймақта су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары жүйелі әрі қарқынды жүргізілуде. Негізгі мақсат – көктемгі тасқынға толық дайындықты қамтамасыз етіп, тұрғындар мен инфрақұрылым нысандарына төнетін қауіп-қатерді барынша азайту.Қауіпті кезеңде жедел әрі үйлесімді әрекет ету үшін шамамен 3700 адамнан тұратын азаматтық қорғаныс күштері мен құралдары жасақталып, жоғары дайындық режиміне келтірілді.
Су тасқыны қаупі жоғары учаскелерде автожолдарды ретке келтіру, жол жиектерін биіктету, қосымша көпірлер мен су өткізгіш құбырлар орнатылуда. Бұдан бөлек, су тасқыны кезеңіне дайындық аясында шамамен 240 мотопомпа, құтқару қызметтері мен жергілікті атқарушы органдарға тиесілі 75 жүзу құралы, 500-ден астам арнайы техника жұмылдырылды. Қажетті материалдық қор да жасақталған. 59 мыңға жуық қап, 10 мың тонна инертті материал және 386 тоннадан астам жанар-жағармай әзір тұр.
Амангелді Еңсегенов, ШҚО ТЖД бастығының орынбасары:
Көктемдегі ең маңызды іс-шаралардың бірі халықты ескерту, ауласын тазалау су басқан жағдайда аулаларын қоршайтындай. Жеке құрам барлығына дайын. Жергілікті әкімшілік. Барлық мүмкіндіктерін көрсетіп жатыр. Көктемгі су тасқынына сақадай-сай деп айтуға болады.
Бүгінгі күнге дейін 258 мың текше метрден астам қар қала аумағынан шығарылды. Өзендер мен өзге де су айдындары тұрақты бақылауға алынып, мамандар су деңгейіне күнделікті мониторинг жүргізуде. Мамандардың айтуынша, қауіптің алдын алу тек жауапты қызметтердің ғана емес, тұрғындардың да белсенділігіне байланысты. Осыған орай, әр үй иесі аулаларын, арық-атыздар мен суағарларды мұз бен қатқан қардан дер кезінде тазалауы қажет.
Сая Жарасқызы