Глубокое ауданында Масленица мерекесі сән-салтанатпен аталып өтті. Жылдағы дәстүр бойынша аудан тұрғындары мен қонақтары Таулы Үлбі ауылында жиналып, қысты шығарып салды.
Халқымыздың «Ырыс алды – ынтымақ» деген қанатты сөзінің астарында үлкен мән бар. Ел бірлігі, достық пен бауырмалдық, бейбіт күннің, татулықтың мән-мағынасын ұғынған әртүрлі этнос өкілдерінің мейрамдары біздің өңірде жыл сайын әспеттеліп, тойланады.
Масленица – славян халықтарының бағзы заманнан келе жатқан дәстүрлерінің бірі. Оны қысты шығарып салу мен көктемді қарсы алу мерекесі дейді. Бұл күнді тойлау арқылы азаматтар келер күннен зор үміт күтеді. Биыл да солай. Ел- жұрт бір - біріне деген игі тілектерін білдірді.
Тамара Черепанова, аудан тұрғыны:
Еліміздің барлық тұрғындарын және қонақтарын Масленица мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Баршаңызға көктем береке – бірлік, зор денсаулық, бақыт, қуаныш, бейбітшілік әкелсін.
Мерекелік дастархандағы басты тағам - құймақтың түр - түрі пісіріліп, таратылды. Масленицаның негізгі нышаны да осы. Мейірімге толы шарада мағыналы ойын-сауықтар өтіп, түрлі спорттық шаралар ұйымдастырылды.
Ажар Төлеуханова, Облыстық садақ ату федерациясының президенті:
Бүгінгі осындай мерекеде ұлттық құндылығымызды, ұлттық спортымызды халыққа көрсетейік деп алып келдік. Барлығына ұнап жатыр. Садақ атудың кезегі таусылар емес,кез-келген адам қолына ұстап, тартып көрсе нағыз батырлық рухы оянатын әдемі ұлттық спорт.
Шара барысында өнерпаздар құлақтан кіріп, бойды алар әсем ән шырқап, мың бұрала би биледі.
Мерекелік алаңда сауда – саттық, қолөнер шеберлері жасаған бұйымдар көрмесі ұсынылды. Ұйымдастырушылардың сөзінше шараның мақсаты – ұлттық дәстүрлерді жаңғыртып, халықтың ауызбіршілігін арттыру.
Евгения Литвиненко, Глубокое ауданы әкімінің орынбасары:
Мереке «The forest» мейрамханасының аумағында ұйымдастырылды. Барлығы керемет көңіл – күйде көктемді асыға күтуде. Бұл жерде Глубокое ауданының тұрғындары ғана емес, Шығыс Қазақстан өңірінің халқын қуана қарсы аламыз.
Мерекелік шара соңында жиналғандар Масленица мүсінін өртеу рәсіміне қатысты.
Гүлдана Айдарқызы