Өңірде жаңа Конституция жобасы бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Аймақтық коалиция мүшелері облыстық Талдау және болжау институтында өткен жиынға қатысып, жаңа Ата заңның өзгерістерін таныстырды.
Кездесу барысында аймақтық коалиция мүшелері Конституция жобасындағы негізгі жаңашылдықтарды таныстырды. Соның ішінде бір палаталы Парламентке көшу және оның «Құрылтай» деп аталуы, сондай-ақ Заң шығарушы орган құрамында 145 депутаттың қызмет атқаруы айтылды. Бұдан бөлек, жаңа басқару жүйесінде «Вице-президент» лауазымын енгізу қарастырылған. Жаңа Ата заң жобасы қоғамдағы өзекті құндылықтар мен мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын қамтып, елдің ұзақ мерзімді дамуына негіз қалайды. Конституциялық деңгейде «Әділетті Қазақстан» идеясы, «Заң мен тәртіп» қағидаты да бекітіледі. Сондай-ақ «мемлекеттің бірден-бір қайнар көзі әрі егемендіктің иесі - Қазақстан халқы» екені нақты көрсетілген.
Владимир Грицай, облыстық ТҮКШ мәселелері комитетінің басшысы, өңірлік коалиция мүшесі:
Жаңа Конституция жобасын жан-жақты талқыладық. Кездесуде «Неге қысқа мерзімде?», «Қандай қажеттілік бар?» деген сұрақтар қойылды. Бұл - уақыт талабы. Қазіргі таңда әлемде ауқымды өзгерістер жүріп жатыр. Көптеген мемлекеттер өз заңнамаларын жаңғыртуда. Сондықтан мұндай қадам біз үшін де маңызды. Ең бастысы жаңа жобада адам құқығы басым бағыт ретінде айқындалған.
Еске сала кетейік, жаңа Конституция бойынша референдум наурыздың 15 күні өтеді.
Бекарыс Секен