Облыстық драма және оперетта театры сахнасында алғаш рет «SHYGYS САХНА FEST» театрішілік фестивалі өтеді. 19–23 ақпан аралығына жоспарланған мәдени шараға театрдың төрт труппасы қатысуда. Бағдарлама аясында әр труппа өз репертуарынан үздік үш қойылымын ұсынады.

Фестиваль бес күнге жоспарланған. Барлығы 14 номинация бойынша үздіктер анықталады. Жоба – тек шығармашылық сайыс емес, сонымен қатар кәсіби талдау мен стратегиялық дамуға бағытталған.

Ләззат Жұмашева, Облыстық мәдениет басқармасының бөлімі басшысы:

«SHYGYS САХНА Fest» тек қана спектальдердің сайысы ғана емес, бұл жерде ішкі кәсіби өсу, даму, талдау және сараптамалық бағалау, театрдың стратегиялық дамуына үлкен үлес қосатын платформа. Фестиваль аясында 14 номинация бойынша үздіктер анықталады. Бұл үздіктерді анықтауға арнайы әділқазы алқалары театртанушылар, тәуелсіз сарапшылар арнайы шақыртылды.

Үздіктерді анықтау үшін Алматы қаласынан арнайы театр сыншылары мен тәуелсіз сарапшылар шақырылған. Тәжірибелі мамандар қойылымдарға кәсіби баға беріп, театр ұжымдарына шығармашылық бағыт-бағдар ұсынбақ.

Анар Еркебай, театртанушы:

Бұл төрт театрды бірдей қарау өте қиынға соғады. Өйткені, орыс театрының 100 жылдық тархы бар. Қазақ театры 2000 жылы ашылды. Оның да 35 жыл тарихы бар. Жастар театрына 10 жыл болды. Оператта труппасына 1 жыл ғана болды. Сондықтан, олардың шығармашылық өткен жолы да, өзінің қалыптасқан кішігірім мектебі де әртүрлі. Бізге де 5 күн ішінде бәрін қарау қызықтырып отыр. Өйткені, үлкен қызығушылықпен келіп отырмыз. Фестиваль өте жоғары деңгейде өтеді деген сенімдеміз.

Айжан Ахмет, Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының аға оқытушысы:

Шығыстағы театрды біле бермейтін, көп көре бермейтін, мен үшін труппаның әрқайсынан үш спектакльден көру, әр театрдың өзіндік бағытын бағдарлауға мүмкіндік туындайды деп есептеймін. Болашақта жазылып жататын зерттеу мақалаларым, публицистикалық мақалалар болсын, сол жерде мысалға келтіріп жазуға үлкен мүмкіндіктер туындайды. Демек, сіздер бұл арқылы осы бір аптаның көлеміне инвестиция жасап отырған жоқсыздар. Бұл арқылы болашақты, сіздердің театрда болып жатқан спектакльдердің ары қарай ғылыми айналымға еніп, зерттелуіне мүмкіндік туындатып отырсыздар деп есептейміз.

Меруерт Жақсылықова, Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының өнертану факультетінің деканы:

Театр ол өмірдің айнасы. Ал, ол айна өзінің болашағының қандай екенін, ұрпағының қандай деңгейде өсіп жатқанын сөзсіз көрсетеді. Сондықтан, осындай ойды ала отырсақ, жалпы инвестиция сөзі жақсы айтылып жатыр. Ұрпақтың болашағы үшін аса маңызды шара деп есептейміз.

Шараның ашылу салтанаты облыстық драма және оперетта театрының сахнасында өтті. Өнер ұжымдары көрерменге ерекше атмосфера сыйлап, театрдың шығармашылық әлеуеті таныстырылды.

Еркежан Айтқазы, облыстық драма және оперетта театрының бөлім басшысы:

Осы бес күн бойы біз қаланың тұрғындарына және қала қонақтарына өзіміздің таңдаулы репертуардағы спектакльдерді ұсынамыз. Бұл фестивальдің ерекшелігі- бұл өнер додасына арнайы Алматыдан театр сыншыларын шақырдық. Ол кісілер біздің репертуардағы өзінің бағасын беріп, біздің театрдың көркемдік деңгейін анықтайтын болады. Бұл фестиваль біздің репертуарлық саясатымыздың алдағы уақытта мықты болуына, алдағы уақыта дамуына өз септігін тигізеді.

Қатысушылардың айтуынша, мұндай бастама – ұжым үшін үлкен тәжірибе. Әр труппа өз шығармашылығын саралап, сыншылар пікірі арқылы жаңа белеске қадам басуға мүмкіндік алады. Өнер иелері бұл жобаны театрдың болашақ дамуына серпін беретін маңызды қадамдардың бірі деп бағалайды.

Айым Бегмат, облыстық драма және оперетта театрының актрисасы:

Сыншылардың назарына көптеген жанрдағы спектакльдер ұсынып жатырмыз. Соның ішінде, өзімнің жаныма жақыны- «Жалғыздық» моноспектаклі. Бұл спектакльде мен жалғыз өзім ойнаймын. Уақыты- 1 сағат 40 минут. Бір емес, бес әйелдің тағдыры көрсетіледі. Әйел адамдардың көңілінен шығатын сондай бір жақсы дүние. Моноспектакльден бөлек, басқа да көптеген көп жанрдағы спектакль қойылады. Әр театрдан үш спектакльден қойылады.

Ұйымдастырушылар бұл фестиваль алдағы жылдары дәстүрге айналып, өңірдегі театр өнерінің дамуына тұрақты үлес қосады деген сенімде.

Нұртас Қайролдаев