Облыс әкімдігінде «Таза Қазақстан» республикалық акциясын жүзеге асыру бойынша жиналыс өтті. Басқосуда өңірдің экологиялық ахуалын жақсарту, тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру бағытындағы жұмыстар сараланып, алдағы міндеттер нақтыланды. Бір жыл ішінде аймақ ормандарына 16 миллионға жуық көшет отырғызылғаны айтылды. Жиынға қатысқан облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов бұл бастаманың маңызы зор екенін атап өтті.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, 2025 жылы аймақта санитарлық тазалықты сақтауға арналған бірнеше жоба жүзеге асқан. Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған шараларға 150 мыңнан астам адам қатысып, 1600 гектарға жуық аумақ тазартылды.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
«Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы бір жылдық науқан емес, азаматтардың, әсіресе өскелең ұрпақтың күнделікті өмір салтын қалыптастыруға бағытталған тұрақты жұмыс болуы қажет. Облысымыздың бай табиғаты, жерінің құнарлығы көгалдандыру жұмыстарын қарқынды жүргізуге мол мүмкіндік көп. Сол мүмкіндіктерді пайдаланып жасыл желекке бөленген таза өңірге айналдыруымыз керек.
Аймақта абаттандыру мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Үлгілі ауыл» және «Таза аула - таза аудан» байқаулары ұйымдастырылды. Бұған қоса түрлі сенбіліктер мен көгалдандыру акцияларына 3 мыңнан астам ерікті қатысып, ортақ іске белсенді үлес қосты.
Арман Есентаев, Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:
Облыс бойынша «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Үлгілі ауыл» акциясы өткізілді. Барлық аудан мен ауылдар шараға қатысып, үздік аталымдар анықталды. «Үлгілі ауыл» бойынша 1 орын Күршім ауданы Сарыөлең ауылына берілсе, «Таза алаң» номинациясында Глубокое ауданының алаңы жеңімпаз атанды. Осындай іс-шаралар өңірде тұрақты түрде өткізіліп жатыр, ал биылғы жылы акциялар қарқынды түрде жалғасады.
Биыл білім беру ұйымдарында «Мектеп жасына дейінгі балаларды экологиялық тәрбиелеу және оқыту» бағдарламасы бойынша педагогтердің біліктілігін арттырып, «Жасыл мектеп» жобасын енгізу жоспарланған.
Қуат Оқасов, Облыстық білім басқармасының басшысы:
Облыс мектептерінде «Адал азамат» бағдарламасы аясында сыныптан тыс әлеуметтік жобалар жүзеге асырылып, оқушылардың белсенділігі артты. Атап айтқанда, «Табиғатқа қамқорлық жасаймыз», түлектердің ағаш егуі және «Қамқор» әлеуметтік жобалары кең көлемде ұйымдастырылып келеді.
Бұдан қоса, «TazaQazBot» платформасы арқылы бір жылдың ішінде тұрғындардан қоқыс шығаруға, жол жөндеуге, аумақты тазалауға қатысты 400-ден астам өтініш келіп түскен. Барлық өтініш бойынша тиісті шаралар уақтылы қабылданған.
Бекарыс Секен