Облыс орталығында есту қабілеті бұзылған жеңіл атлеттер арасында Қазақстан чемпионаты өтті. 2014 жылдан бері ұйымдастырылатын бұл сайысқа 100- ден астам спортшы қатысты. Жарыстың ашылу салтанатына арна тілшісі де барып қайтты.

Жарыс бағдарламасына бірнеше жеңіл атлетика түрлері енген. Қатысушылар жүгіру, секіру арқылы өзара кім мықтыны анықтайды. Спортшылар турнирге тыңғылықты дайындалған. Олардың қатарында Ақтау қаласынан келген Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері Қожаберді Сұлтанов та бар.

Қожаберді Сұлтанов, жарысқа қатысушы (Маңғыстау облысы):

Мен жеңіл атлетикамен айналысып жүргеніме бір жарым жыл болды. Сайыста жақсы нәтиже көрсеттім деп ойлаймын. Спорт маған көп нәрсені үйретті. Осының арқасында жаңадан достар таптым.

Чемпионатты өткізудегі мақсат – есту қабілеті бұзылған спортшылар арасында жеңіл атлетиканы дамыту. Жаттықтырушылардың сөзінше мұндай сайыстар арқылы спортшылар шеберлігін шыңдап, үлкен ареналарда ел намысын қорғайды.

Серік Қожанбаев, жаттықтырушы (ШҚО):

2017 жылдан бастап осы Айтқалиева Ақерке қызымызды спортта қатыстырып келе жатырмыз. Бұл баламыз облыс бойынша, республика бойынша жақсы жүлделі орындарда келе жатқан бала. Биыл Қазақстан чемионатына бірінші қатысуымыз. Енді осы чемпионатта Ақерке қызымыз бірінші орын алды. Үш спорт түріне қатысып отыр. Жеңіл атлетика, ұзындыққа секіруден және гидро лақтырудан. Осы үш түрінен бірінші орын алып келе жатқан бала.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов қатысушыларға сәттілік тіледі.

Асқар Можанов, Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

Жыл сайын Шығыс Қазақстан облысы жеңіл атлетикадан жабық ғимараттағы ұлттық чемпионаттардың басым бөлігін өткізеді. Бұл шара дәстүрге айналды. Биылғы чемпионатқа 11 команда қатысты. Қазіргі уақытта өңірімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар жандармен жұмыс істейтін спорт клубы бар. Оның құрамынан сурдлимпиадашыларды көруге болады.

Ел чемпионатының қорытындысы бойынша үздік спортшылар анықталып, жеңімпаздар марапатталады.

Гүлдана Айдарқызы