Облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Ыдыс. Уақыт шежіресі» атты жаңа көрме ашылды. Экспозиция келушілерге тарихқа өзгеше қырынан үңілуге мүмкіндік береді. Ғасырлар бойы адамзаттың күнделікті тұрмыста қолданған бұйымдары арқылы уақыт тынысы мен мәдениет сабақтастығын айқын көруге болады.
Мұражай төріне қойылған 200-ден астам жәдігер қола дәуірінің XXI ғасырдың басына дейінгі аралықты қамтиды. Жәдігерлер арқылы ыдыс пішінінің, материалы мен жасалу технологиясының қалай өзгергенін, сонымен бірге адамзаттың тұрмыс-салтының да уақытпен бірге түрленгенін көруге болады.
Талшын Сәдуақасова, Облыстық тарихи-өлкетану музейінің маманы:
Музейімізде бес тұрақты залымыз бар және екі ауыспалы залымыз бар. Осы бір ауыспалы залымызда ыдыстарға арналған уақыт шежіресі атты көрмеміз ашылды. Көрмеміздің басты ойы, мақсаты көрермендерге және қала қонақтарына ыдыс аяқтың бұрыңғы дәуірден бастап қазіргі дәуірге дейінгі мағынасын, ол жай ғана ыдыс аяқ емес сол бір мәдениет пен сол кездегі шеберлердің шеберлігін көрсетеді.
Б.з.д. VI–III ғасырлардағы қыш, мыстан жасалған ыдыстарды мұражай көрмесінен көруге болады. Түрлі шәугімдер мен тостаған қойғыш бұйымдар, сондай-ақ ағаш, шыны, фарфордан жасалған жәдігерлер сол замандағы шеберлердің жоғары шеберлігі мен талғамын айқын көрсетеді.
Зинаида Надыкто, Облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі:
Мұнда әртүрлі топтамалар ұсынылған. Соның ішінде Шығыс Қазақстан облысы аумағынан табылған қыш ыдыстар бар. Сондай-ақ өңірде кеңінен тараған мыс ыдыстардың жинағы қойылған. Оның ішінде мыс самаурындар мен шәугімдер ерекше көзге түседі. Кузнецов, Гарднер фарфоры да бірегей бұйымдардың қатарында.
Облыстық тарихи-өлкетану музейінің мамандары аймақ тұрғындарын «Ыдыс. Уақыт шежіресі» көрмесін тамашалауға шақырады.
Нұртас Қайролдаев