Елде Жаңа Конституция жобасын талқылау жұмыстары жалғасып жатыр. Маңызды құжаттың мазмұны қазір еңбек ұжымдарында кеңінен түсіндірілуде. Кезекті кездесу Өскемендегі өндіріс орындарының бірі – Үлбі металлургиялық зауытында ұйымдастырылды.

Мемлекеттік мекемелерде, өндіріс орындарында және білім беру ұйымдарында арнайы кездесулер ұйымдастырылып, қызметкерлер өз ұсыныс-пікірлерін білдіруде. Мамандардың айтуынша, Ата Заң – мемлекеттің негізгі құжаты. Сондықтан, оған енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар әрбір азаматтың құқығы мен міндетіне тікелей қатысты.

Денис Рыпаков, өңірлік коалиция жетекшісі:

Үлбі металлургиялық зауыты – өңірдегі еңбек үдерісі қалыптасқан, бірнеше буын еңбек етіп келе жатқан өндіріс орны. Шара республикалық референдум қарсаңында ұйымдастырылып отыр. Кездесу барысында Конституция мәтініне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жан-жақты түсіндірілді. Ашық пікір алмасу өтті.

Талқылау барысында конституциялық реформалардың басты бағыттары, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері және билік тармақтарының жауапкершілігін арттыру мәселелері сөз болды. Әр қызметкер өз ойын ортаға салып, сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды.

Азамат Раисов, «ҮМЗ» АҚ ұжымдық мәдениет және кадр бөлімінің менеджері:

Бұрын болмаған баптар енгізіліп жатыр. Мұның барлығымен өз бетімізбен танысып жатырмыз. Ұжымда осындай кездесулер жиі болып жатыр. Өзім осындай кездесуге екінші рет қатысып отырмын. Қарапайым жұмысшыларға түсіндіріп жатыр.

Кездесулер ашық форматта өтуде. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай талқылаулар қоғамның белсенділігін арттырып, заң үстемдігін қалыптастырады.

Фатима Тілейханқызы