ШҚО әкімдігінде аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен жиын өтті. Басқосуда жалпыұлттық және өңірлік инвестициялық пулды қалыптастыру мәселелері қаралды.Жобаларды инвестициялық пулға енгізу үшін нақты талаптар айқындалды. Бастамалар аймақ аумағында жүзеге асырылып, жаңа жұмыс орындарын ашуды, өндіріс көлемін арттыруды және салық түсімдерінің өсуін қамтамасыз етуі тиіс.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста барлық экономикалық қызмет түрлері бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 838 млрд. теңгені құрады. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 8,3%-ға артық. Биыл қаңтар айында инвестициялар көлемі 39 млрд. теңгеге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 26%-ға өсті. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 2024 жылмен салыстырғанда үш есеге артып, 1,6 млрд АҚШ долларын құрады. Республика бойынша аймақ тартылған инвестициялар көлемінен үшінші орында.
Ирина Смит, Облыстық туризм басқармасы басшысының орынбасары:
Облыс бойынша инвестициялық портфельді қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Жобаларды пайдалануға берілгенге дейін және одан кейінгі үш жыл ішінде ары қарай да қолдау маңызды.Бүгінде жалпыұлттық пулға өңірден жалпы сомасы 1 трлн теңгеден асатын, 8 216 жұмыс орнын құруды көздейтін 65 жоба енгізілген. Оның ішінде 18 жоба пайдалануға беріліп, 826 жұмыс орны ашылды. Өңірлік пулға жалпы құны 7,5 млрд. теңгені құрайтын 24 жоба енгізілді. Оның 5 жобасы 1,3 млрд теңге сомасына іске қосылып, 205 жұмыс орны құрылды. Ал, қазіргі уақытта іске асыру сатысында тұрған 19 жобаның 14-і бойынша жол карталары әзірленбеген. Бұл жедел шаралар қабылдауды талап етеді. Қазіргі таңда аталған мәселе қала және аудан әкімдіктерімен бірлесіп пысықталуда.
Облыс бойынша инвестициялық пулдарды өзектендіру және жобаларды қолдау жұмыстары жалғасатын болады. Кеңес қорытындысы бойынша салалық ведомстволарға тиісті тапсырмалар берілді. Салалық басқармалар мен қала, аудан әкімдіктері Өңірлік инвестициялық штабтың қарауына ұсынылатын жобаларды іріктеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Сая Жарасқызы