Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Токиода өткен XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарының чемпионы Фаина Мейрмановаға пәтер кілтін табыстады. Алтын медаль иегері спорттағы қажырлы еңбегі мен табандылығы үшін лайықты сыйға ие болды.

Фаина Мейрманова - жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Токиода өткен XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарында биіктікке секіруден 1,79 метр нәтижемен әлемдік рекорд орнатқан. Ел мерейін әлемдік аренада асқақтатқан жас спортшыға өңір басшысы жаңа пәтердің кілтін табыстады.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Біз Токиода өткен Сурдлимпиада ойындарының жеңімпазы, белгілі спортшымызды марапаттап жатырмыз. Бұл – барша өңір үшін үлкен қуаныш. Құтты болсын! Біз сені мақтан тұтамыз, Фаина! Сен – қайсарлық пен еңбекқорлықтың жарқын үлгісін көрсеттің. Алдағы уақытта да толағай табыс тілейміз!

Фаина үшін бұл жеңіс – көп жылғы қажырлы дайындық пен толассыз еңбектің нәтижесі. Сегіз жылдан астам уақыт бойы тыным таппай жаттығып, жарыстарда шыңдалған спортшы табандылығы мен бапкерлер қолдауының арқасында жоғары нәтижеге қол жеткізді.

Фаина Мейрманова, XXV жазғы Сурдлимпиада чемпионы:

Жетістіктерім мен нәтижелерімнің еленіп жатқанына шексіз қуаныштымын, әрі мақтанамын. Үлкен рақмет! Бұл – менің алғашқы жеке пәтерім, сондықтан қуанышымда шек жоқ.

Жас спортшының жетістікке толы жолы – қайсарлық пен мақсатқа деген берік ұстанымның нақты көрінісі. Бүгінде ел мерейін асқақтатқан спортшыға аймақ ерекше құрмет көрсетуде. Ал оның спорттық ғұмырында әлі талай дүбірлі дода мен асқар асулар бары анық.

Нұртас Қайролдаев