Аймақта кезекті көктемгі әскерге шақыру науқанына дайындық басталды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қорғаныс істері жөніндегі департамент мамандары айтты. Биыл бірінші наурыздан бастап облыстан 650-ге жуық азамат Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады деп жоспарлануда.

Әскерге шақыру жұмыстары заңнамаға сәйкес ұйымдастырылады. Азаматтарға тұрғылықты мекенжайы немесе жұмыс орны арқылы жеке шақырту қағазын алады. Сонымен қатар, 1414 қызметі арқылы SMS-хабарлама жолданады. Шақыруды кейінге қалдыру немесе әскери қызметтен босату рәсімі электронды үкімет порталы – «eGov.kz» арқылы жүзеге асырылады. Әскерге барудан жалтару заң бойынша әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.

Жәнібек Сапаров, ШҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары:

2026 жылдың 10 қаңтарынан бастап – 28 ақпанына дейін зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Біз қазіргі уақытта шекара қызметіне әскерге шақырылушыларды дайындап жатырмыз. Әскерге жіберілген шақырылушыларға жеңілдіктер қарастырылған. Кредиті болатын болса 14 айға дейін тоқтатылады. Әскерге барып келгеннен кейін 2 ай тағы уақыт беріледі. Отан алдындағы борышын жақсы өтеген сарбазға сертификат беріледі.

Қазіргі таңда әскери есеп жүйесі толық цифрлық форматқа көшірілген. Бұл азаматтарға әскери мәртебесі туралы мәліметті қашықтан алуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, әскерде жауынгерлік даярлық бағдарламасын шебер меңгерген, жақсы тәртібімен көзге түскен жастар жоғарғы оқу орындарына Ұлттық бірыңғай тестілеусіз қабылданады. Брифинг барысында ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери жоғары оқу орындарына түсу тәртібі түсіндірілді.

Қазбек Ахметов, ШҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары:

2026 жылдан бастап талапкерлер құжаттарды 30 сәуірге дейін онлайн тапсыра алады. Өтініш беру ҚР Қорғаныс министрлігі жүйесіне қарасты оқу орындарына «eGov.kz» порталы немесе жергілікті әскери басқару органдары арқылы жүзеге асырылады. Ал, әскери колледжге түсушілер үшін ҰБТ талап етілмейді. Олар ішкі емтихан тапсырады.

Мемлекет басшысы атап өткендей, елдің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қорғау – Қарулы Күштердің басты міндеті. Сондықтан, жастарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеу маңызды бағыттардың бірі.

Фатима Тілейханқызы