ҚР Парламенті сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев шығысқа жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында мәслихат депутаттарымен, жергілікті жұртшылықпен, этномәдени бірлестік өкілдерімен жүздесті. Барлық шара «Жаңа Конституция – ұзақ мерзімді дамудың берік негізі» тақырыбына арналды. Сондай-ақ кездесулерде Мемлекет басшысы айқындап берген реформалардың басым бағыттары, Ата Заңның жобасы мен Президент тапсырмаларын жүзеге асыру аясындағы бірлескен жұмыс тетіктері талқыланды.

Жиын барысында Сенат Төрағасы атап өткендей конституциялық реформа – айрықша маңызға ие тарихи оқиға және демократияны нығайту жолындағы нақты қадам. Жаңа Конституция – Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған реформалардың тікелей нәтижесі. Бұл өзгерістер саяси институттарды қайта жаңғыртып, Қазақстанның тиімді әрі заманауи басқару үлгісіне кезең-кезеңімен көшуін қамтамасыз етеді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Президентіміз Қасым – Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде кешенді реформалар жүйелі түрде жүзеге асылып келеді. Қазіргі жүргізіліп жатқан Конституциялық реформа сол іргелі жаңғыртулардың заңды, дәйекті жалғасы. Жаңа Конституция жобасында заң мен тәртіп қағидатына азаматтардың мүдделері мен құқықтарының қорғауға және орнықты даму бағдарына баса мән беріліп отыр. Бұл Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуынан жаңарған құқықтық негізін қалыптастыратын тарихи құжат. Ол әділетті Қазақстанның жаңа конституциялық моделінің негізін қалайды.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы өңірдің өндірістік және ғылыми әлеуетіне ерекше тоқталып өтті. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы сын-қатерлер де сөз болды. Сондай-ақ ол жаңа Конституция жобасындағы экологиялық нормалар халықтың денсаулығын сақтауды және кәсіпорындардың жұмысына инновациялық технологияларды енгізуді қамтамасыз ететін стратегиялық маңызға ие екенін айтты. Жиын барысында мәслихат депутаттары мен зиялы қауым өкілдері өз пікірлерін білдірді.

Манарбек Мұхамеджанов, Облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы:

Ең басты құндылық конституцияда ол адам. Жаңа конституция жобасында егер де оқып шықсаңыз адам сөзі 46 рет кездеседі екен. Мен бұны жай сәйкестік деп айта алмаймын. Бұл ата заңның адамға адам үшін адамгершілік тұрғысынан жан – жақты пысықталған, теп – тегіс, жұп – жұмыр қандай да бір толықтыруды қажет етпейтін тарихи, тағдырлы құжат екенін көрсетеді.

Бұдан кейін, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев облыстағы белсенді жастармен кездесті. Басқосуда жаңа Ата Заңдағы өзгерістер бүгінгі жаһандық сын-қатерлер жағдайында тиімді жұмыс істейтін саяси жүйе құруға бағытталғанын атап өтті. Мәулен Әшімбаев бұл реформалардың сапалы жүзеге асырылуы, жалпы елдің дамуы жастардың қоғамдық-саяси үдерістерге саналы түрде қатысуына және олардың бастамашылдығы мен кәсіби қабілеттеріне тікелей байланысты екенін тілге тиек етті. Жүздесуде жас ғалымдар өз ойларын ортаға салды.

Самат Байгереев, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ қауымдастырылған профессоры:

Жаңа конституция жобасында ғылымға және жоғары білім беруге үлкен назар аударғандығын байқадым. Ол өте біз үшін маңызды. Өйткені ғылым еліміздің болашағын анықтайтын, болашаққа ықпал ететін әсер ететін бір фактор, бір сала. Сондықтан Конституция да осындай ғылымға білім беруге көңіл бөлінгені біз үшін өте маңызды деп ойлаймын.

Кездесуде жас мамандардың талдау қабілетін жетілдіруге бағытталған Сарапшылар клубы мен Талдау мектебінің қызметі талқыланды. Бұдан бөлек, сапар аясында сенат төрағасы Лу Бань шеберханасына ат басын бұрып, «Автомобильдердің SMART-технологиясы» зертханасының қызметімен танысты. Алда Өскемен титан-магний комбинатының және «Восток-молоко» корпорациясының ұжымдарымен кездесу жоспарланған.

Гүлдана Айдарқызы