Astana Team балалар хоккей командасы Канадада өткен халықаралық жарыста жеңіске жетті. Бұл турнир әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған жас хоккейшілер бақ сынайтын ең беделді додалардың бірі. Финалда қазақстандық жасөспірімдер хоккейдің отаны саналатын канадалықтарға қарсы тартысты ойын көрсетіп, шешуші сәтте жеңісті жұлып алды. Шығыстың намысын асқақтатып оралған жас чемпиондарды Өскемен әуежайында ата-аналары, жақындары мен жанкүйерлері ерекше құрметпен қарсы алды.
Дүбірлі додада әлемнің 16 елінен 120 команда бақ сынады. Отандастарымыз алты ойын өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Турнирге 2013 жылы туған жас хоккейшілер қатысты. Құрама сапында Өскеменнің Торпедо клубының алты тәрбиеленушісі бар.
Ярослав Ногин, Quebec International Pee-Wee Hockey турнирінің жеңімпазы:
Командамызға жұмыс жасау оңай болған, қарсыластар мықты болды. Хоккейдің отаны – Канадада ойын сәл басқаша, ареналары үлкен, тіпті балалар клубына 15 мың адам келіп көреді. Біз өте қуаныштымыз.
Иннокентий Подрезов, Quebec International Pee-Wee Hockey турнирінің жеңімпазы:
Мені ойында ауыстырғанда есеп 1:3 еді, бірақ команда жақсы жинақталып керемет ойнады. Овертаймда ойланып, қауіп төндіретін сәттер жасап, жеңіске жеттік.
Қазақстан осы жарыста жеңіске жеткен санаулы елдердің қатарына қосылды. Бұған дейін чемпиондық тұғырға Канада, АҚШ, Ресей, Финляндия, Швеция және Чехия құрамалары көтерілген. Жас чемпиондардың осындай жетістіге ата-аналары да дән риза.
Анастасия Скляр, спортшының анасы:
Бұл жеңіс оңай келген жоқ. Балаларымыз бес-алты жасынан бері күн сайын таңертеңгі жаттығуларға қатысып, хоккейге деген жауапкершілікті сезінді. Олардың барлық еңбегі жемісін берді.
Анель Бариева, спортшының анасы:
Astana Team гол соққан сәтте, әрине, көзімізге бірден қуаныштың жасы келді. Балаларымыздың қолынан келгеніне, дәлелдегеніне, елімізді әлемге танытып, алтын алып, чемпиондық кубокты иеленгеніне қатты мақтанамыз.
Жас чемпиондардың бұл табысы отандық спорт үшін үлкен серпін. Енді оларды жаңа белестер мен биік мақсаттар күтіп тұр.
Бекарыс Секен