Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-де «EKTU аруы -2026» байқауы өтті. Бұл шара тек сұлулық пен сәннің ғана емес, ақыл мен парасаттың, өнер мен білімнің тоғысқан алаңы болды. Қатысушылар өздерінің жан-жақты қырларын көрсетіп, ерекше өнерімен, сахналық шеберлігімен көзге түсті.

Биылғы байқау тартысты өтті. Алғашқы кезеңде 13 ару өз бақтарын сынап, үздік шыққан 9 ару финалға жолдама алды. Сән мен сұлулықты тоғыстырған кештің сахнасы көрерменге ерекше әсер сыйлады. Байқау сәнін «Экстази» би тобының жалынды өнері қыздыра түсті.

Сайыс бес кезеңнен тұрды. Қазылар арулардың сенімділігіне, сахнадағы өзін-өзі ұстауына ерекше мән берді. Әр қатысушы өз даралығымен ерекшеленіп, көпшіліктің көңілінен шықты.

Әлия Омарханова, «EKTU аруы -2026» байқауын ұйымдастырушы:

Біздің байқауымызға 9 қатысушымыз бар, олардың бәрі Өскемен қаласынан. Былтырдан қарағанда биыл байқау Мисс EKTU болған. 4 жыл бұрын болған. Бірақ ол жерде қыздар көбірек болды, саны бар, сапасы жоқ дегендей. Биыл біз санын азайттық, бірақ сапасын үлкейттік.

Әрбір ару өзіндік даралығымен ерекшеленіп, көрермендерді тамсандырды. Жарыс барысында олардың көшбасшылық қасиеттері мен шығармашылық қабілеттері сыналды. Шығармашылық кезеңінде арулар би билеп, ән айтып, сахналық қойылымдар арқылы өздерінің ерекше қабілеттерін паш етті. Ал зияткерлік сайыс кезеңінде логикалық сұрақтар қойылып, қатысушылардың білім деңгейі мен ойлау қабілеті сыналды.

Меруерт Жайжатырова, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ әлеуметтік, жастар саясаты және инклюзивті даму департаментінің директоры:

Бүгін бізде ШҚТУ-де академиялық саясат және жастар департаментінің өтуімен үлкен шара. Бұл жастардың творчестволық шарасы. Біздің басты демеушіміз “Казцинк” компаниясы. Ол кісілерге біз алғыс білдіреміз. Тағы да басқа жекелеген спонсорлар бізде бар.

 «EKTU аруы -2026» атағын «Радиотехника және электроника» мамандығының 2 курс студенті Таңсайра Муралбек иеленді. Ол бала күннен бергі арманы біртіндеп іске асып келе жатқандығын айтады.

Таңсайра Муралбек, «EKTU аруы -2026» байқауының жеңімпазы:

Менің бала күнгі арманым, кішкентайымнан менің бойыма қарап, сен сондай ұзынсың, модель болуға жарайсың деп жиі айтатын еді. Сол арманымды қазіргі таңда реализовать етіп жатырмын. Қалалық подиумдарға,показдарға шығып көргенмін. Сонымен қатар магазиндерде, макияждарға модель болып жиі шығып тұрамын.

Сондай-ақ, вице «EKTU аруы -2026» атағын «Жер туралы ғылымдар мектебінің» 3 курс студенті Томирис Әлімханова қанжығасына байлады. Ал екінші вице «EKTU аруы -2026» «Цифрлық технологиялар және жасанды интеллект мектебінің» 4 курс студенті Арна Советқановаға бұйырды. Барлық қатысушыларға дипломдар, алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Аяулым Усинова