Облыста «Көктем-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті. Мақсат – көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындықты күшейтіп, азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін жетілдіру. Оқу-жаттығу барысында өңірдегі ескерту жүйелері тексеріліп, жедел әрекет ету топтарының әзірлігі пысықталды.

Оқу-жаттығу сценарийіне сәйкес, көктемгі тасқын салдарынан саяжай алқаптарына апаратын көпірді су шайып кеткен. Төтенше жағдай орнына құтқарушылар да жедел жетіп, дауыс күшейткіш құрал арқылы тұрғындарды эвакуация туралы хабардар етті. Құрлықтан оқшауланып қалған азаматтар жол талғамайтын техника мен жүзу құралдары арқылы қауіпсіз аймаққа көшірілді. Мамандар осылайша су тасқыны кезіндегі іс-қимыл алгоритмін пысықтады.

Амангелді Еңсегенов, ШҚО ТЖД бастығының орынбасары:

Қазіргі таңда өздерің білетіндей республика бойынша «Көктем-2026» оқу жаттығулары басталып кетті. Ол енді біздің республика, облыс көлемінде, көктемдегі су тасқынын алдын алу жұмыстары бойынша жаттығулары деп айтуға болады.

Өңірде су басу қаупі бар 71 елді мекен анықталған. Жағдай күрделене түссе әрекет ету үшін 3600-ден астам адам, 550-ден аса техника, 75 жүзу құралы және 230-дан астам мотопомпа дайын. Бұдан бөлек, халықты қауіпсіз жерге көшіру үшін жалпы сыйымдылығы 21 мыңнан асатын 182 эвакуациялық орналастыру пункті әзірленді.

Дастан Ахметов, Өскемен қаласы ТЖБ бастығының орынбасары:

Төтенше жағдай кезеңі туралы халықпен алдын ала түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Қазір жергілікті полиция қызметімен бірге рейдтік іс-шаралар өткізіп, жоспардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстап отырмыз.

Мамандардың айтуынша, мұндай оқу-жаттығулар көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындықты пысықтап, қызметтердің өзара іс-қимылын жетілдіруге мүмкіндік береді.

Бекарыс Секен