Өскеменде жеңіл атлетикадан жастар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды. Салтанатты ашылу рәсімі Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика орталығында өтті. 26-28 ақпан аралығында өтетін додада жеңіл атлетиканың бірнеше түрі бойынша жеңімпаздар анықталады.

Жеңіл атлетикадан ел чемпионатына U23 санаты және кіші жасөспірімдер қатысуда. Додаға еліміздің 20 өңірінен 520 атлет келді. Чемпионат қорытындысы бойынша үздік спортшылардан ұлттық құрама жасақталып, Тайвань мен Қытай елдерінде өтетін Азия чемпионаттарына жолдама алады.

Асқар Можанов, Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

Бүгін міне, жеңіл атлетикадан жабық ғимараттағы Қазақстан чемпионаты басталды. Спортшылар өз шеберліктерін жоғарғы деңгейде көрсетуде. Жыл сайын еліміз бойынша қысқы маусымдағы жабық ғимарат ішіндегі чемпионаттарды біздің облыста өткізу дәстүрге айналған. Осы жолы қатысушылар саны рекордтық көрсеткішке жетті. Біз жас спортшыларды әрдайым қолдаймыз және олардан үздік нәтижелер күтеміз.

Жарыс барысында бірқатар қатысушылар жеке рекордтарын жаңартып, жоғары нәтиже көрсетті.

Дональд Мұратқалиев, жарысқа қатысушы:

 «Ұйымдастыру керемет, нәтижелер ұнады. Жоспарлағанымдай 7 секундта жүгірдім. Маған әлі 0,28 секунды жетіспейді. Толық орындап шығуды жоспарламаймын.

Сала мамандарының айтуынша, бұл доданың маңызы зор. Себебі, жарыс қорытындысы бойынша іріктелген үздіктер Халықаралық жарыста ел намысын қорғайды.

Бекарыс Секен