Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапхананың қызметкері 9 тілде еркін сөйлейді. Атап айтқанда, қазақ, орыс, украин, ағылшын, парсы, француз,әзірбайжан,түрік және түрікмен тілі. Ең қызығы, ол бір тілді жеті күнде меңгерген. Қазір тағы бір жаңа тіл үйреніп жатыр. Жас полиглоттың басқа қандай қабілеттері бар, келесі сюжеттен көрейік.

Алмас Асқарұлы Ақтауда дүниеге келген. Жасы жиырма үште. Тарихқа қызығушылығы ерекше азамат Өскеменде оқуын жалғастырып жатыр. Кітапханада қосымша жұмыс істейді.

Алмас Асқарұлы, полиглот:

Тіл ол жанды дүние. Сондықтан да ол әуелі ортаны тауып, сол орта арқылы меңгеру ең дұрыс күшті эффективті тәсілдерге жатқызуға болады деп есептеймін. Кішкентай кезімнен бері өзге ұлттардың арасында ойнап солардың мәдениетімен тығыз танысқанның арқасында менің тілге деген тез үйрену мүмкіндігім артты деп айтсақ болады.

Жас полиглот «Екі шет тілі» мамандығы бойынша соңғы курста білім алып жүр. Биыл оқуын тәмамдап, дипломын алады. Қолы қалт етсе, кітап оқып, аудармамен айналысқанды ұнатады.

Алмас Асқарұлы, полиглот:

Аудармашы мен алғашқы рет 2019 жылы волонтер ретінде, яғни ерікті ретінде Ақтау қаласында каратэден әлемдік чемионат болған. Сол жерде ерікті ретінде шақырған. Алғашқы менің аудармашы ретінде тәжірибем сол жерден басталды.

Бұдан бөлек, кейіпкеріміздің ақындық өнері бар. Бізге әзербайжан тілінде жазған жаңа өлеңін оқып берді.

Сонымен қатар Алмас кітапханада жасанды интеллект бойынша дәріс береді. Арнайы курсқа қатысушыларға цифрлық жүйені тиімді әрі дұрыс қолдануды үйретеді.

Алмас Асқарұлы, полиглот:

Бізде кітапханада бұрыннан бері ЖИ үйретіп жатырмыз. Қазір біз оны қарқынды дамытып, кез келген жастағы кісілерге кішіден бастап үлкен қарияларға дейін, ЖИ үйретеміз. Бұдан басқа бізде 3 Д принтер курстары жүріп жатыр. Сондықтан кез келген оқырман осы кітапханаға келіп тегін үйрене алады.

Бұған қоса жас маман түрік тілінен сабақ береді. Курсқа келушілер күн сайын көбейіп жатыр.

Бойына бірнеше өнер тоғысқан студант бізді тағы бір қырымен таңғалдырды. Қолына домбырасын алып, күмбірлете күй тартты.

Бекарыс Секен