Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті мен «Казцинк» ЖШС бірігіп студенттер арасында байқау ұйымдастырған болатын. Мұнда қатысушылар өздерінің бірегей жобаларын ұсынып, тың идеяларымен бөлісті. Жарыс қорытындысы қалай болды? Қай команда озық шықты? Тілші баяндасын.
Байқау өткен жылы күз айында басталды. «Казцинк» компаниясы қатысушыларға жаңа өнім түрлерін өндіріске енгізу үшін жоба жасауды ұсынған. Бірнеше уақытқа созылған сында команда мүшелері тыңбай еңбек етіп, жақсы көрсеткішке жетті. Әр топта студенттерден бөлек, оқу орны жанындағы колледж білім алушылары мен жоғары сынып оқушылары болды. Түрлі мамандық иелерінен құралған команда мүшелері бүгін марапатталып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды.
Давид Борозенец, «Металлист» командасының капитаны:
Жоба идеясын команда мүшесіндегі мектеп оқушысы ұсынды. Бастапқыда IT бағыттағы өзге тақырыпты қозғаған болатынбыз. Себебі топтағы студенттердің көбі IT саласында білім алады. Дегенмен, бұл жолы материалтану саласына бет бұру біз үшін жаңа, қызықты тәжірибе болды. Әрине, бастапқыда түрлі қиыншылықтар кездесті. Алайда IT мамандарының басты артықшылығы – тез үйреніп, кез – келген салаға бейімделе білуінде. Соның нәтижесінде қысқа уақыт ішінде жобаны сәтті қорғап шықтық.
Бірінші жүлделі орынға «Металлист» командасы табан тіресе, кезекті екінші орын «Метеорит» командасына бұйырды. Ал, үшінші орынға «Инзинус» командасы иеленді. Қатысушылар арасынан мектеп оқушысы Дияр Маштаевқа ЖОО-ның атынан арнайы грант берілді.
Дияр Маштаев, жарысқа қатысушы:
Команда құрамындағы екі студент шетелге жарысқа кетті. Осыған байланысты жобаны өзім жалғыз қорытынды кезеңде қорғап шықтым. Біз сыни тұрғыдан ойлайтын команда болғандықтан, жақсы идеядан бөлек, стратегиялық маңызы жоғары бастамаға назар аудардық. Ұсынылған жобада Германиядан әкелінетін металлургиялық шлактардан бағалы өнімдерді қайта бөліп алып, оларды ұнтақ түрінде өңдеуді ұсындық. Бұл тәсіл өндірістік қалдықтарды тиімді кәдеге жаратуға, экологиялық жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Жарысқа барлығы 11 команда қатысты. Жоба аясында қатысушылар компания қызметімен, өндірістік үдерістерімен және шығаратын өнімдерімен танысты.
Андрей Лазарев, «Казцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры:
Ойымыздан шыққан үш жоба -біздің басым бағыттарымыздың бірі. Енді бұл бастамаларға тереңірек үңіліп, мамандармен бірлесіп, жан – жақты пысықтаймыз. Шешуші кезеңге дейін жеткен барлық қатысушылардың біздің компанияға жұмысқа орналасуына мүмкіндіктері бар. «Казцинк» басшылығы мен мамандары студенттердің әлеуетіне назар аударды деп сенемін. Студенттердің алдағы уақытта кәсіби тұрғыда үлкен жетістіктерге жетуіне толық негіз бар.
ЖОО-ның сарапшылары жастардың қарым – қабілеті жоғары екенін айтады. Қатысушылардың жоғары нәтиже көрсеткеніне қуанышты.
Жадыра Қоңырбаева, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры:
Барлығы жеңіске лайықты топ деп білемін. Әркімнің басым жақтары әр команданың өз басым жақтары болды. Соның ішінде кейбір командалар көбінесе тәжірибелік жағынан көңіл бөлсе, кейбіреулер идея жағына көп көңіл бөлді. Кейбіреулер оның технология жағына көңіл бөлді. Нарыққа тиімділігі жағынан көп көңіл бөлінді. Мен өзім өте ерекше эмоциялар алдым. Себебі балалар сондай жоғары біліктіліктерін, білімдерін, стандартты ойлау емес, басқаша ойлау, творчества, креатив сол жағынан өздерін өте жоғары деңгейде көрсетті.
Жүлдегер атанған командалар – цинк негізіндегі фотокаталитикалық панельдерді өндіру, микроқұрамды тыңайтқыштар жасау және цинк-иондық батареялар шығаруды көздейтін тың жобаларын ұсынды.
Гүлдана Айдарқызы