Алтай ауданында балық аулаудан екінші республикалық фестиваль өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 300-ге жуық балықшы өзара мықтыны анықтады. Ең қызығы, жарысқа 6 жасар баладан бастап, 70-тен асқан қарияға дейін қатысты. Толығырақ әріптесім Бекарыс Секен баяндайды.
Үш сағатқа созылған жарысқа 300-ге жуық балықшы қатысты. Әр қатысушы уақытты тиімді пайдаланып, бар шеберлігін көрсетуге тырысты. Солардың бірі Азамат Рахманбеков.
Азамат Рахманбеков, Жарысқа қатысушы:
Өзімізде міне атсалысып осы жаққа Өскемен қаласынан келдік. Асанәлі балық ұстамасада көріп отыр. Бізге қарап үйреніп жатыр. Балық оңайшылықпен түсе қоймайды. Оған әрқашанда тоса білу керек, күте білу керек. Оғанда үйрену керек. Бір күнде үйрене алмайды. Сондықтан уақыт болғанда осылай демалыстарды бірге алып жүреміз балаларды.
Бұл фестивальдің негізгі мақсаты - Бұқтырманы тек жазғы демалыс орны емес, жыл бойы келуге болатын туристік бағыт ретінде таныту және қысқы туризм әлеуетін арттыру. Шығыстағы бұл жарысты тамашалауға аустриялық саяхатшылар да келді.
Юрген Фейтл, Саяхатшы:
Шығыс Қазақстанға саяхат жасауға келдік. Әлеуметтік желіден балық аулауға арналған шара өтетінін көрдік, сондықтан тамашалайық деп шештік. Бізге бұл жер өте ұнайды – таза ауа, табиғаты керемет, балық аулауға да қолайлы. Бұл менің әйелім Петра, ол да австриялық. Біз Қазақстанның көптеген аймақтарын көрдік, бірақ осы жолы нақты Шығыс Қазақстанға бағыттадық. Жалпы, Қазақстан бізге үйде жүргендейсезім сыйлады, ал адамдардың ерекше қонақжай.
Шараға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов арнайы қатысып, өңірдің туристік әлеуеті жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Біздің бұл фестиваліміз биыл екінші рет өткізіліп отыр. Өткен жылы Самар ауданында өткен онда еліміздің әрбір өңірінен 500 ге жуық балықшылар келіп қатысып, күш сынасты.
Фестиваль тек балық аулау жарысымен шектелмей, ауқымды мәдени-танымдық мерекеге ұласты. Жиналған көпшілікке танымал эстрада жұлдыздарының концерттік бағдарламасы ұсынылып, сахнада ән мен күй әуеледі.
Еркін Нұржанов, әнші:
Келе жатқан Ата заңымыздың қарсаңындағы референдум әрбір қазақтың өз ойын білдіруге тамаша мүмкіндік. Еліміздің игілігіне жарйтын іс шара болсын деп тілек айтамыз. Одан кейінгі мынау Бұқтырма балықшылардың фестиалі деп жатырмыз. Балықшыларға тек сәттілік тілейміз.
Мұз үстіндегі жарыс кешкі беске дейін жалғасады. Одан кейін жеңімпаздар анықталып, марапатталады.
Роман Иванов, Жарыс жеңімпазы:
Жеңімпаз атанғаныма өте қуаныштымын. Глубокое ауданынан келіп бірінші рет қатысып, бірінші орын алып, бес жүз мың теңгенің сертификатын иелендім. Бұл отбасым үшін үлкен сыйлық болды. Осы жарысқа қолдау білдіріп жіберген Глубокое ауданы әкімдігі мен Быструха ауылдық әкімшілігіне алғыс айтамын.
Осылайша, аязды күнге қарамастан, жиналған халық жарысты ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, көтеріңкі көңіл күйде тарқасты.
Бекарыс Секен