Өскеменде қала әкімінің халыққа есеп беру кездесулері жалғасуда. Кезекті жиын Облыстық Қоғамдық келісім орталығы - Достық үйі ғимаратында ұйымдастырылды. Басқосуда шаһар басшысы былтырғы жылдың әлеуметтік – экономикалық дамудың негізгі қорытындыларын баяндап, 2026 жылы атқарылар міндеттерге тоқталды.
Қала әкімі Алмат Ақышов Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес инвестиция тарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқандығын айтады. Бүгінде инвестициялық пулға жалпы сомасы 148 миллиард теңгені құрайтын 20 жоба енгізілді. Ал өңірлік пулға 1,5 миллиард теңгеге бағаланған 5 жоба кіріп отыр. Биыл жалпы құны 46,9 миллиард теңге болатын сегіз инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл жобалар өндіріс, құрылыс, қызмет көрсету және инфрақұрылым салаларын қамтиды. Көлік жағдайы да ерекше назарда. Қаланың сол жағалауы мен Жібек маталар комбинаты ықшам ауданында жүргізушілер күнделікті кептеліске жиі тап болатын учаскелердің бірі болып отыр. Әсіресе таңғы және кешкі қарбалас уақытта көлік ағыны айтарлықтай артады. Осыған байланысты көше-жол желісін жаңғырту, жолдарды кеңейту, қосымша бұрылыс жолақтарын салу және бағдаршам жүйесін оңтайландыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілуде. Бұл шаралар көлік қозғалысын жеңілдетіп, жол қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
Алмат Ақышов, Өскемен қаласының әкімі:
Білесіз бе, қазір қала бойынша сол жағалаудағы және Жібек маталар комбинаты ықшам ауданынында кептелістер өте көп. Жақында үлкен жол айналмалы қозғалысы ашылды. Мен мұны не үшін істеп жатқанымызды көп түсіндірдім, бірақ халық әлі де жете түсінбейді. Бұл жобаның бір бөлігі: бағдаршамдық реттеуді болдырмауға және көліктің кедергісіз қозғалысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Абаттандыру жұмыстарына келетін болсақ, биыл «Самал» саябағын қайта жаңғырту жұмыстары басталады. Жоба аясында демалыс аймағы заманауи талаптарға сай жаңартылып, жаяу жүргіншілер жолы, жарықтандыру жүйесі мен шағын сәулет нысандары орнатылатын болады. Сондай-ақ, жағажай аумағын арнайы гидротехникалық құрылғылар арқылы ағыннан қорғау жоспарланып отыр. Бұл шаралар демалыс орнының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, табиғи ландшафты сақтауға мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысы бойынша қала әкімі көтерілген барлық мәселелер жіті бақылауға алынатынын атап өтті. Тұрғындар тарапынан айтылған әрбір өтініш пен ұсыныс назардан тыс қалмайды.
Аяулым Усинова