Облыс орталығындағы «Maxi Mall» сауда-ойын-сауық орталығында ауқымды концерт өтті. Қала тұрғындары мен қонақтарына арналған мәдени шарада қазақстандық эстраданың танымал әншілері Еркін Нұржанов, Sadraddin мен Мирас Жүгінісов өнер көрсетті. Мәдени шараға 12 мыңға жуық тұрғын жиналған.
Сауда орталығында келген тұрғындар қарасы қалың. Кеш барысында көрермендер сүйікті хит әндерін жанды дауыста тыңдап, ерекше атмосфераға куә болды.
Мерекелік шара тұрғындарға жаңа Конституция жобасын ақпараттық түсіндіру мақсатында ұйымдастырылған. Жиын ашық диалог форматында өткізілді. Жиында Конституцияны қолдау жөніндегі жалпыұлттық коалицияның өңірлік штабының өкілдері сөз сөйледі. Жүргізушілер мен спикерлер ел болашағы әр азаматтың белсенділігіне байланысты екенін айтты. Қатысушылар сұрақ-жауап бөлімінде белсенділік танытып, өз ойларын ашық жеткізді.
Қорлан Туғамбаева, «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» ЖҚ ШҚОФ төрағасы:
Коценртке 10 мыңан астам халық жиналып, алдағы 15 наурыз күні елде өтетін референдумға халыққа үгіт-насихат ретінде, халықты осы сайлауға шақыру аясында осындай концерт ұйымдастырылды. Жалпы, халықтың көңіл-күйі өте керемет. Халыққа өте қатты ұнады.
Демалыс күнін тиімді өткізуді қалаған жұртшылық концерттік бағдарламаны ерекше ықыласпен тамашалады.
Отбасымен, достарымен келген көрермендер көтеріңкі көңіл күйге бөленіп, мерекелік кештің атмосферасын сезінді. Тұрғындардың көпшілігі алда өтетін референдумға қатысатындарын жеткізді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жаңа Конституция қоғамдағы әділдікті нығайтып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған.
Айта кетейік, жалпыхалықтық референдум 15 наурыз күні өтеді. Ұйымдастырушылар мұндай шаралар тұрғындардың азаматтық белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді, дейді.
Фатима Тілейханқызы