Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен кезекті әкімдік отырысы өтті. Оған қала, аудан әкімдері, салалық басқарма, департамент басшылары қатысты. Жиында 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған міндеттер талқыланды. Бұдан бөлек, өңірдегі эпизоотиялық ахуал мен агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңдеу саласының дамуы қаралды.
2030 жылға қарай аймақтағы мал санын 53%-ға ұлғайту көзделген. 2026 жылы ірі-қара мал басының өсімі 5%-ды, қой мен ешкі басының өсімі 4%-ды құрауы тиіс. Кешенді жоспарды іске асыру мал шаруашылығы саласының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, ауылдарда қосымша жұмыс орындарын құруға мүмкіндік бермек. Сонымен қатар, жиында өңірдің туристік әлеуеті жоғары елді мекендерде жаңа жоспарларды әзірлеу мәселесі сөз болды. Бұл жұмыстар бойынша аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов жауапты басқармаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Елді мекендер шекарасының жоспардан тыс орналасқан туристік аймақтары үшін бас жоспарлар алгоритмі дайындалсын. Алтай ауданының әкімі мен Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы бірлесіп, Алтай қаласының бас жоспарын түзету бойынша биылғы жылдың 1-жартыжылдығында аяқтау қажет. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы мен Құрылыс басқармасы бірлесіп облыстың өңірлік урбанистика орталығын құру бойынша нақты ұсыныстар енгізілсін.
Ал, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Руфат Акрамовтың айтуынша, бүгінгі таңда облыс аумағында 360-қа жуық елді мекен орналасқан. Олардың бекітілген бас жоспармен қамтамасыз етілу деңгейі 52%-ды құрайды.
Руфат Акрамов, Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:
Заңнамаға сәйкес, бас жоспарлардың есептік қолданылу мерзімі 15-20 жылды құрайды. Қазіргі уақытта 100-ден астам елді мекеннің жоспарын түзету қажет. Бүгінгі таңда өңірдегі қалалардың 6 бас жоспарының ішінде екеуі цифрландырылып, Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының базасына енгізілді. 2025 жылы облыс бойынша егжей-тегжейлі ауылдық елді мекендердің 22 бас жоспары әзірленді.
Бұдан бөлек, өңірдің эпизоотиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мал шаруашылығының тұрақты дамуына жағдай жасау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайы талқыланды. Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Рамиль Сағандықовтың айтуынша, 2026-2027 жылы аудан орталықтарында жеті ветеринариялық станция, ауылдық округтерде жетпіс ветеринариялық пункт салу жоспарланған.
Рамиль Сағандықов, Облыстық ветеринария басқармасының басшысы:
2025 жылы 8 жұқпалы ауруға қарсы 4, 7 млн вакцинация жүргізілді. Ал, 2026 жылы 7 аса қауіпті ауруға қарсы 4,3 млн доза вакцина салу жоспарланған. Бүгінгі күнге 2, 3 млн доза вакцина жеткізілді. Бұл жылдық жоспардың 53 пайызын құрайды. Жұмыстар бекітілген күнтізбелік жоспарға сәйкес жүргізілуде.
Бұдан бөлек, аймақ басшысының айтуынша Щучинскіде болған қайғылы оқиғаға байланысты қала, аудан әкімдері нысандардағы өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын қатаң бақылауға алуы тиіс.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Өздеріңіз естіп жатырсыздар, Щучинскіде қайғылы жағдай орын алды. Соған байланысты мен қала, аудан әкімдеріне өрт қауіпсіздігі мәселесін қатаң бақылауға алуларыңызды сұраймын. Тиісті мүдделі органдар, қызметкерлер бар, барлығын жинай отырып, көпшілік орындарда, көпбалалы үйлерді аралап қарап, өрт қауіпсіздігі мәселесін бір тексеріп шығу керек.
Оған қоса, облыс әкімі су тасқынының алдын алу шаралары да қарқынды жүргізілуі қажет екенін мәлмдеді.
Фатима Тілейханқызы