Бүгін әлем бойынша ерекше қажеттіліктері бар жандарға құрмет көрсетілетін күн. Осыған орай облыс орталығында «Рухты теңдік» инклюзивті фестивалі өтті. Шараға мұрындық болған Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана мен облыстық филармония.

Фестиваль бірнеше таланттың басын қосты. Ауқымды шығармашылық шарада қатысушылардың түрлі қолөнер бұйымдары ұсынылып, суреттері қойылды. Бұдан бөлек, сахнада әуелетіп ән шырқалып, нақышына келтіріліп өлең оқылды. Әрқайсысы тыңғылықты дайындықпен келген. Олар үшін бұл тек өнер емес, тарих.

Елена Деметьева, Облыстық Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасының сектор меңгерушісі:

Фестивальдің мақсаты – қоғам назарын ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды қолдауға бағыттау. Олардың шығармашылық әлеуетін ашуға жағдай жасау. Мұнда аталмыш санаттағы тұрғындар өнер көрсетеді. Барлығы дарынды, белсенді жандар. Қатысушылар облыс орталығынан бөлек аудан, ауылдардан да жиналды. Өздерінің музыкалық нөмірлерін және туындыларын ұсынады. Сонымен қатар, бейнелеу өнері, қолданбалы өнер сынды авторлық шығармаларын көрсетеді. Фестивальдің басы қасында жүрген облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана, Облыстық мәдениет басқармасы мен филормония.

Сәндік – қолданбалы өнер шебері - Зульфира Ерқасымова фестивальде өз жұмыстарын ұсынды. Олардың арасында түрлі материалдан жасалған бұйымдар бар. Көздің жауын алатын сақ патшайымының киім үлгісі көрерменнің назарын ерекше аударды. Ұлттық нақыштағы әшекейлер де қызығушылық тудырды.

Зульфира Ерқасымова, сәндік-қолданбалы өнер шебері (үлкен нарын ауданы):

Солдатова ауылынан келдім. Қолөнер 30 – 40 жыл болды. Оюдан бастап, тігін тігеміз. Күлтегін, шам барлығын балаларға көрсетейін, үлгі болсын деп. Гүлдер жасаймын үлкен гүлдер, мизалон қазір өте көп нәрселерден жасауға болады.

Фестивальге облыс орталығынан бөлек, Глубокое, Ұлан, Шемонаиха, Катонқарағай, Тарбағатай, Күршім және Үлкен Нарын аудандарынан әр жастағы шығармашылық ұжымдар мен жеке орындаушылар қатысты. Шараға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс қазақстан облысының әкімі:

«Рухты теңдік» өзін өзі тартуға, жаңа мүмкіндіктер ашуға шығармашыл өсуге серпін береді. Қоғамымызда инклюзивтілік пен тең мүмкіндіктер қағидаттарын нығаюуына ықпал етеді. Барлық қатысушыларға жаңа табыстар, жетістіктер, шабыт пен сенім тілеймін. Өнер мен таланттың бұл мерекесі әрқайсымыз үшін жаңа мүмкіндіктер мен жеңістердің бастауы болсын. Бәріміз бірміз, біріміз бәріміз үшін. Қатысушыларға үлкен сәттілік тілейміз.

«Вокал» жанрында өткен жарыста бірінші орынды Күршім ауданының әншісі Айболат Күнапиев иеленді. Оның орындаған туындысы көрерменнің жүрегіне жетті. Барлығы бір демде тыңдап, қошемет көрсетті.

Қазылар алқасы да оң бағасын беріп, лирикалық шығарманы орындаған әншіге өз мақтауларын жеткізді.

Айболат Күнапиев, «рухты теңдік» облыстық инклюзивті фестивалінің жеңімпазы (күршім ауданы):

Өмірдегі ең басты, ең жақсы көретін айналысатын дүнием осы ән. Сондықтан қай жерде болсын ән айтып жүремін. Өмірім сәлде болсын жеңіл болсын деп. Енді көпшілігінде Шансон әндерін айтамын сол әндерді жақсы көремін.

Фестиваль соңында салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Жеңімпаздар дипломдар мен ақшалай сертификаттарға ие болды. Облыстық «Рухты теңдік» инклюзивті фестивалі ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдап, жетістікке жету жолында сеп.

Гүлдана Айдарқызы