Облыс орталығында көрнекті ғалым, шығыстанушы және ағартушы Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына орай мәдени-танымдық кездесу өтті. Шара «Кітап–AMANAT» партиялық жобасы аясында ұйымдастырылды. Басқосудың мақсаты – жас буынға этнографтың мұрасын насихаттау.

Бұл кездесуге ЖОО-ның тарих және журналистика факультетінің студенттері жиналды. Оларға Шоқан Уәлихановтың этнографиялық зерттеулері мен ағартушылық қызметі жайында ақпарат ұсынылды.

Дильназ Еңсебаева, ЖОО студенті:

Мен өзім тарихшы болғандықтан Ш.Уәлихановтың «Қашқарияға сапары» очерктары жайында оқығанмын. Мұндай шаралар ұлы тұлғаларымыздың, ғалымдарымыздың өмірлерін таныстыру, студенттерге бұл шараның берері көп. Сол ұлы тұлғаларымыздың ғылымға деген, білімге деген құштарлықтарынан үлгі алып, оларда дәл солай сол ғалымдар секілді болуға ұмтылады деген ойдамын.

Шарада ғалымның рухани қазынасы туралы ой – пікірлер де айтылды. «Шоқан шыққан шың», «Шоқан және «қазақ» термині» сияқты тың тақырыптар талқыланды. Оның қысқа ғұмырында жазып қалдырған құнды еңбектері ұлттық ғылымның қалыптасуында маңызды рөл атқарады. Ағартушылық ойдың дамуына зор серпін берді», - дейді ұйымдастырушылар.

Аманбай Нұркенов, «AMANAT» партиясы ШҚОФ төрағасының м.а.:

Ш.Уәлиханов біздің қазақтың маңдайына біткен ірі тұлға. Жастай жиырма тоғыз жас қана өмір сүргеніне қарамастан өзінің артына үлкен мұра қалдырған. Біздің қазақтың ең 19 ғасырдағы зиялы ғылымға деген талпынған үлкен аталарымыз болып келеді. Бұл кісінің еңбегі тек Қазақстан емес, Орта Азия халықтарының мәдениетін арттыруға өте үлкен үлес қосты деп ойлаймыз.

Кездесу соңында студенттер тақырып аясында викториналық ойынға қатысты. «Кітап–AMANAT» орталығы алдағы уақытта да жастардың білімін кеңейтуге, оқу мәдениетін қолдауға бағытталған түрлі мәдени-ағартушылық шараларды жалғастыратын болады.

Гүлдана Айдарқызы