Самар ауылында дәстүрге айналған «Мейірімді Шығыс» акциясы жалғасуда. Бұл шараның мақсаты – жыл бойы көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсету, жалғызбасты қарияларға қолғабыс болу. Аймақтағы ерікті жастар үйлерді тазалап, отын-суын даярлап, күнделікті тұрмыста қажет жұмыстарын атқарып жүр. Акцияға қатысушылардың айтуынша, бұл – ел ішіндегі бірлікті нығайтатын бастама.
Бүгінде ауданда 167-ге жуық ерікті тіркелген. Олар сабақтан тыс уақытта, демалыс күндері арнайы топқа бірігіп, қарттардың үйіне барып қолғабыс етеді. Бірі қар аршып берсе, енді бірі отын жарып, көмір кіргізеді. Қыс түскелі мұндай көмекке мұқтаж тұрғындар саны артқан. Ал жастар үшін бұның барлығы – ізгілікке негізделген жауапкершілік.
Ерназар Сауық, Самар ауданы «Жастар ресурстық орталығының» директоры:
Шығыс Қазақстан облысында «Мейрімді Шығыс» акциясы бастау алған болатын. Бұл акцияның негізгі мақсаты көмек қолын көрсету. Самар ауданында жалпы қазіргі уақытта 167 ерікті бар. Олар оқушылар, студенттер және өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері. Еріктілер жыл бойы әртүрлі жұмыстар атқарады. Олар жаз уақытында огородтарға қарап шөбін жұлса, қысқы уақытта қарларын тазалап беріп апаларымызға көмек көрсетеді.
Еріктілердің жұмысы тек физикалық көмек көрсетумен шектелмейді. Олар қарттармен сөйлесіп, хал-жағдайын біліп, мерекелерде құттықтап, жылы лебіздерін арнап тұрады. Қарлы қыста жол тазарту мен отын тасу – жалғызбасты жандар үшін ең ауыр шаруалардың бірі. Ал жастардың шынайы көмегі олардың күнделікті тұрмысын жеңілдетіп қоймай, көңілдеріне медеу болады.
Тимур Сидельников, «Айбынды жастар» ұйымының мүшесі:
Біздің мақсатымыз – біздің қарттар мен ардагеріміздің назардан тыс қалдырмау. Қыс мезгілі біз қарттарымызға көмір кіргізіп, ағаш жарып, қар тазалап сол көмектесіп жатырмыз.
Еріктілердің көмегіне ризашылық білдіріп отырғандар аз емес. Кейбір үй шаруаларын өздігінен атқару қиынға соғатындықтан, әр келген көмекші олардың жүгін жеңілдетеді. Ал алған алғыстың өзі – еріктілер үшін ең үлкен марапат.
Валентина Корниенко, зейнеткер:
Ұзақ жылдар бойы ауруханада қызмет еттім. Сол жерден зейнетке шықтым. Қазір жалғыз тұрамын. Маған көмек көрсетіп жүрген еріктілерге үлкен алғыс айтамын. Кейбір үй жаруаларын істеу қиындық тудырады. Сол себепті олардың көмегіне ризамын. Барлығына рахмет! Баршаңызға мықты денсаулық, ал балаларға оқуда зор жетістік тілеймін.
«Мейірімді Шығыс» акциясы – облыста әлеуметтік жауапкершілікті арттыратын маңызды жоба. Қамқорлық пен мейірімге толы бұл акция алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Талант Тұрсынов