Өскемен – Алтай – Рахман қайнары республикалық тас жолы бойында биіктігі 9 метр болатын жаңа арт-нысан орнатылды. «Алкоголь – жүргізушінің жауы» деген жазуымен ерекшеленетін туындыға жол апатынан зақымданған автокөліктер қойылған.

Арт-нысанның ішіндегі зақымданған автокөліктер – жай макеттер емес, жол апаты салдарынан бүлінген темір тұлпарлар. Бұл туынды көлік тізгіндеген азаматтарды тас жолда абай болуға үндейді.

Жасұлан Кұсманов, көлік жүргізушісі:

Бұл арт-нысан мас күйінде көлік тізгіндемеу керектігін бірден еске салады. Әрине қорқынышты. Жол қателікті кешірмейтінін әр азамат түсінуі керек.

Біржан Аянов, көлік жүргізушісі:

Артобъект дұрыс деп ойлаймын. Өйткені жолда неше түрлі адамдар бір-бірін озып, неше түрлі жағдайға ұшырап жатыр. Осыны көріп бір ой түйеді деп ойлаймын. Особенно жазда адамдар бір-бірін озып, жаман жағдайға ұшырап жатады. Осыны көріп бір түйін түйеді деп ойлаймын.

Статистикаға сүйенсек, өткен жылы жол-көлік оқиғаларынан 8 адам көз жұмып, 99 тұрғын түрлі деңгейдегі дене жарақатын алған. Осыған байланысты өңірдегі полиция қызметкерлері азаматтарға ауа райы қолайсыз уақытта, аса қажет болмаса, елдімекеннен шықпауға шақырады.

Алексей Чистохин, ШҚО ПД Жол-патрульдік полиция батальоны қызметінің инспекторы:

Бұл жол туристік базаларға апарады. Әсіресе жаз мезгілінде елдің түкпір-түкпірінен келетін демалушылардың саны артады. Бекітілген талапты, ережені елемей азаматтар жол-көлік оқиғасына ұшырап жатады. Сондықтан тұрғындарды алыс жолға шыққанда абай болуға шақырамыз.

Тәртіп сақшылары мұндай арт-нысан әрбір жүргізушіге ой салып, жолда сақ болуға, жылдамдық режимін сақтауға үндеу ретінде қойылғанын айтады.

Аяулым Усинова