Халқымыздың ғасырлардан тамыр тартатын өткені мен бүгінін кейінгі ұрпаққа жеткізуде музейдің маңызы зор. Себебі, мұражай бірнеше дәуірдің тарихын, этнографиясын, өнерін жинақы түрде ұрпақтан ұрпаққа жалғап отырған бірден-бір институт. Өскеменде зейнеттегі ұшқыш қолөнермен айналысып, ағаштан мүсін ойып, есік алдынан музей тұрғызған. Ондағы топтастырылған композициялардың дені қазақ хандары мен батырларына арналған. Өнер ордасына әріптесіміз Қымбат Иманғали барып қайтты.

Оюлы ағаш есікті ашып, ішке енгеннен-ақ, келушілер өзін музейге емес, бөгде бір әлемге енгендей сезінеді. Атмосферасы да, энергетикасы да бөлек. Әдеттегі мұражайларға мүлдем ұқсамайды. Кіреберістегі тұтқадан бастап, ішіндегі әрбір бұйымға дейін ағаштан ойып жасалған. Қос қабатты ғимараттың қабырғалары жалпақ таспен қапталып, беткі қабаты сырланған.

Кең сарайдың ортасында әскери жорыққа аттанғалы тұрған Шыңғыс ханның мүсіні. Астындағы аты ауыздығымен алысып, ойқастап келе жатқандай. Теңбіл барыстың терісін ердің үстіне жапқан Шыңғыс ханның кескін-келбеті мінез-құлқынан хабар береді. Зер сала қарасаңыз, өмілдірік, құйысқан, қанжығадағы еспе арқанға дейін ағаштан жонып жасалған. Бір қызығы, мұның бәрі зейнеттегі ұшқыштың қолынан шыққан.

Юрий Костанянц, қолөнер шебері:

Жылдан бастап осы өнерді қолға алдым.Атам көзге көрінбейтін микромүсін жасаудың шебері болды. Ұшқыштың оқуында жүргенде-ақ ағаш ойып жүретінмін. Өнердегі бағытым тарихи тақырып болғандықтан, ағаш жонудан бөлек кітап оқимын, тарихшылармен кеңесемін. Жасаған дүниелерім тарихи шындыққа сай болуы керек қой. Мәселен, мынау Ақсақ Темірдің мүсіні. Ол болмысы бөлек, айбарлы ел билеушісі. Жинақта жауынгерлермен қатар жолбарыстың да мүсіні бар. Өйткені екеуін салыстырмалы түрде ұқсатуға болады.

Өнерді бағалайтындар бұл музейді арнайы іздеп барады. Шебердің туындыларына таңданып, көз жасына ерік бергендер де бар.

Рая Сәрсенбаева, музейге келуші:

Қазақтың хан билері бәрі осында, қолынан бәрін істеген. Көріп, таң тамаша болып тұрмын. Тірі сияқты бәрі. Жануардың көзідері жанып тұрады. Кейбірінен жас ағып тұрады.  Көзіме жас келді.

Мұражай меймандарын қазақ балаларына арнап алғаш мектеп салған Жәңгір хан, қасқыр ерткен Малайсары, Бөгенбай батыр, Қасым, Әбілқайыр хан мен Қабанбай батырдың мүсіндері қарсы алады.

Юрий Костанянц, қолөнер шебері:

Қазір қазақ тарихындағы ең көрнекті билеушінің бірі Тәуекел ханның мүсінін жасап отырмын. Ол туралы ақпаратты зерделей келе композицияда киіз үйдің емес, күмбездің болғаны дұрыс деп шештім. Көбіне шығыс стильін қолданамын. Ханның жанында сарбаздардың мүсіні қойылады. Оның билік еткен уақыты 16 ғасыр соңына тиесілі. Тарихта оңтүстік шекараны қорғап, мемлекеттің беделін күшейткен хан болды.

Қазір шебер «Ұлы даланың ұлылары», «Қазақстан тарихы», «Ресей тарихы», «Орта ғасырдағы Азия» сынды ауқымды жобаларын толықтырып шет елге көрмеге баруға ниетті.

Қымбат Иманғали