Өскеменде педагогтердің кәсіби дамуына бағытталған аймақтық ғылыми-практикалық конференция өтті. Назарбаев Зияткерлік мектебінде ұйымдастырылған жиын «Білім берудегі жаңашылдық» тақырыбына арналды. Ауқымды шараға қала, аудан және өзге өңірлерден келген педагогтер, білім саласының мамандары мен студенттер қатысты. Үш жүзден астам қатысушы бас қосқан конференцияда білім беру жүйесіндегі заманауи жаңа бағыттар талқыланды.

Конференцияның мақсаты — білім беру саласындағы заманауи жаңашыл тәжірибелерді талқылау, мұғалімдердің кәсіби дамуына ықпал ететін тиімді әдістермен бөлісу және білім жүйесіндегі өзгерістердің нақты нәтижесін көрсету.

Данияр Уәлиев, Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры:

Бұл жерде жаңа практика, жаңа инструменттер арқылы қалай сабағымызды дамыта аламыз, ұстаз ретінде қалай ары қарай өсе аламыз тақырыбында жұмыс жасап жатыр. Сонымен қатар, бұл жерге келешек мектептерінің өкілдерін шақырдық. Осы мектептерді болашақта акридитациядан қалай өтеді тақырыбын өрбітеміз.

Шара офлайн және онлайн форматта өтті. Жиында білім беру саласының тәжірибелі сарапшылары баяндама жасады.

Ғабит Бекахметов, Халықаралық білім беру жобаларының негізін қалаушы:

Бізде жыл сайын жаңа инновациялық мектептер ашу дәстүрі бар. Нарыққа жаңа өнімдер, жаңа қызметтер мен жаңа концепциялар енгізу бағыты ұнайды. Бұған дейін Астанадағы республикалық физика-математика мектебі, «Urban School», «Perspektiv School» сияқты білім беру ұйымдарын аштық. Қазіргі идея — жаңа технологиялар арқылы тың әдістемелерді қалыптастыру.

Мамандардың айтуынша, мұндай алаңдар кәсіби қауымдастықты нығайтып, отандық білім сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Фатима Тілейханқызы