Жыл басынан бері ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаментіне азаматтардан 60-қа жуық шағым келіп түскен. Көрсетілетін қызмет сапасына көңілі толмаған тұрғындардың құқығын қорғап, мұң-мұқтажын есту департамент жауапкершілігінде. Дау-дамайды басым бөлігі жер мәселесіне қатысты.
Жер қатынастары қызметі саласында көрсетілетін қызметке көпшіліктің көңілі толмайды. Бұған мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаментіне түскен шағымдар дәлел. Мәселен, мамыр айында Алтай ауданындағы кәсіпкер жерді жалға алу мерзімін ұзарта алмаған. Кейін әділдік сұрап департаментке жүгінген. Жергілікті атқарушы орган құрылысқа бөлінген жерді жалдау мерзімін ұзартудан бас тартыпты. Негізгі себеп - құрылыс жұмыстарының уақытылы басталмауы.
РАУАН СЛӘМХАН, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІНІҢ ШҚО БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ МЕМЛЕКЕТТІК КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТТЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Тексеру барысында кәсіпкердің жалдау ақысы мен салығы бойынша берешегі жоқ екені анықталды. Сонымен қатар, жобалық құжаттама белсенді түрде әзірленіп жатқанын, қазіргі уақытта жоба әзірлеуге 1 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалғаны белгілі болды. Қазіргі уақытта қолданыстағы жер заңнамасы, атап айтқанда Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 37-бабы, міндеттерін тиісінше орындаған жалға алушыларға жаңа жалдау келісімшартын жасауға құқық береді. Сонымен қатар, Жер кодексінің 35-бабына сәйкес, тұрғын үй құрылысын салу үшін бөлінген жер учаскелері ең кемінде үш жылға жалға берілуі тиіс. Дегенмен, 2023 жылы аталған жер учаскесі кәсіпкерге екі ақ жылға берілген.
Дәл осындай жағдай Риддер қаласында да болған, дейді департамент өкілдері. Мамандардың тексерісінен кейін жерді жалға беру уақыты ұзартылып, кәсіпкердің құқығы қорғалған.
ДИДАР ЕРБОЛАТҚЫЗЫ