23 маусым – Қазақстан полициясы күні. Биыл еліміздің құқық қорғау саласына 33 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында полиция институты дамудың түрлі кезеңдерінен өтіп, қоғамдағы тұрақтылық пен тәртіптің кепіліне айналды.

Заң талаптарының орындалуын қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау полиция қызметкерлеріне жүктелге жауапкершілігі мол міндет. Бұл міндетті аймақтағы тәртіп сақшылары жүйелі түрде іске асырып келеді. Биыл құқық қорғау органы саласының құрылғанына 33 жыл. Осы уақыт аралығында Қазақстан полициясында ауқымды реформалар іске асты. Жұмыс тәртібі сервистік модельге көшті. Ал қызмет барысында ашықтықты қамтамасыз ету үшін ішкі істер саласын толығымен цифрландыру жұмысы қарқынды жүргізілуде.

ЕРКІН СӘТТІБАЕВ, ӨСКЕМЕН Қ. ПБ БАСТЫҒЫ ОРЫНБАСАРЫНЫҢ М.А.:

Қазақстан полициясы 1992 жылы 23 маусымда құрылды. Содан бері сала заман талабына сай дамып келеді. Құқықтық тәртіпті сақтау – әрбір полиция қызметкерінің басты міндеті. Барша әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтаймын!

Полиция қызметкері – халық қорғаны. Тәртіп сақшылары кәсіби мерекеге қарамастан тәулік бойы қызметте. Себебі полицейлер әділдік, абырой және ерліктің символы болуы керек дейді, Өскемен қалалық патрульдік полиция батальонының рота командирі Мадияр Мұхамеджанов.

МАДИЯР МҰХАМЕДЖАНОВ, ӨСКЕМЕН Қ. ПБ ППБ РОТА КОМАНДИРІ:

Халықпен күнделікті бетпе-бет жұмыс істейміз. Әр адамның мәселесі – біздің назарда. Бұл – сенім мен жауапкершілік қызметі. Ішкі істер органдарында қызмет ету – біз үшін абырой.

Заң мен тәртіп күзетінде жүрген аймақтағы тәртіп сақшылары ел тыныштығын сақтауға өз үлестерін қосып келеді. Облыс орталығының тұрғындары азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген полиция қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.

ТЫНЫСБЕК КАМЕСХАН, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Барлық полицейлерді төл мерекесімен құттықтаймын. Біздің қауіпсіздігімізді қамтамасыз етіп жатқан сақшыларға рахмет. Барлықтарының еңбектеріне табыс тілеймін. Аманшылық болсын.

ЕЛЕНА ФОМИНЫХ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Бүгін Қазақстан полициясы күнімен құттықтаймын. Тәртіп сақшыларының қызметіне сәттілік тілеймін. Себебі, күн-түн демей қоғамның тыныштығын қамтамасыз ету асқан жауапкершілікті талап етеді.

ИЛЬЯ КУЗНЕЦОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Кәсіби мерекеге қарамастан тәртіп сақшылары тәулік ойы қызметте. Оларға табыс тілегім келеді. Төл мерекелері құтты болсын.

Қауіпсіздікті қадағалап, тыныштықты күзететін сақшылардың қызметі қашан да қарбалас әрі мақтаныш. Полицейлердің кәсіби мерекесіне орай асқан қырағылық пен табандылықты талап ететін қызмет иелеріне құрмет-қошемет көрсетілді.


НҰРТАС ҚАЙРОЛДАЕВ