ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында қала, аудан әкімдері, орталық мемлекеттік органдар, салалық ведомство өкілдерінің қатысуымен кеңейтілген кеңес өткізді. Кеңесте жазғы туризмді дамыту, балалар демалысын ұйымдастыру және қауіпсіздігіне мән беру керектігі айтылды. Бұдан бөлек медицина қызметкерлерінің құқықтарын қорғау және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін қаржыландыру жайы сөз болды.
Ішкі туризмді дамыту Қазақстанның экономикалық саясатының басым бағыттарының бірі. Қазіргі уақытта туристік саланы цифрландыру, инфрақұрылымды жетілдіру, қызмет көрсету сапасынының стандарттарын енгізу маңызды. Сонымен қатар инвестиция тарту, санитарлық және этикалық нормалардың сақталуына бақылауды күшейту міндеттері тұр.
Ермек Көшербаев, ҚР премьер-министрінің орынбасары:
Туризм экономиканың бір саласы. Шағын және орта бизнесті дамыту үшін мемлекет табиғи, тарихи деректерді пайдалана отырып, осы салаға инвестиция салу арқылы табыс көзін молайтуға жағдай жасау керек. Осылайша адамдар жақсы және сапалы қызмет ала алады.
Жиында Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев берілген тапсырмалардың орындалу барысы туралы айтты. Қазіргі кезде мәдени, спорттық іс-шаралардың бірыңғай күнтізбесі бекітілді. Бұл туралы ақпарат ұлттық туризм порталында орналастырылды. Туристер арнайы QR код арқылы өздеріне қажетті мәліметті ала алады. Алайда, бірқатар аймақтарда ол формалды түрде ғана іске асырылған. Бүгінде демалыс аймақтарының бас жоспарларын цифрландыру екі облыста ғана аяқталды. Қалғандары кестеден кешігуде.
Ержан Еркінбаев, ҚР туризм және спорт вице-министрі:
Аймақтар мүмкіндігінше тезірек Бас жоспарларын, демалыс аймақтардың жоспарларын әзірлеуі, бекітуі және цифрландыруы керек. Бұл тапсырма 8 шілдеге дейін орындалуы тиіс. Аз ғана уақыт қалды. Келесі тапсырма жаңа туристік маршруттарды әзірлеу және танымал маршруттардағы инфрақұрылымды жаңғырту және жаңарту қажет.
Бүгінде өңірде болашағы зор инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, 2025 жылдың мамыр айында туризмге тартылған инвестиция көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 86 пайызға өскен. Бұдан бөлек кеңесте балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру, жұмыспен қамту мәселелері талқыланды. Биыл жоспарға сай 3,2 миллион бала мектеп жанындағы лагерьлерде және түрлі орталықтарда демалады. Сонымен қатар медицина қызметкерлерін қорғау шаралары да назардан тыс қалмады. Вице-премьер медицина қызметкерлерінің жұмысына кедергі келтіретін келеңсіздіктердің көбеюіне алаңдаушылық білдірді. Деректерге сүйенсек 2019 жылдан бері елде осындай 161 қылмыс тіркелген.
Ермек Көшербаев, ҚР премьер-министрінің орынбасары:
Дәрігерлерге, медбикелерге қатысты қандай да бір келеңсіз жағдайларға жол беруге болмайды. Өңірлер соңғы 5 жыл ішінде медицина қазыметкерлерінің қызметіне кедергі жасауға қатысты қандай да бір жағдай байқалса, бірден Денсаулық сақтау министрлігіне ақпарат берулеріңізді сұраймын.
Бұдан бөлек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды қаржыландыру мәселелері қаралды. Кейбір өңірлерде қаржыны мақсатсыз пайдалану фактілері анықталған. Осыған байланысты Вице-премьер Денсаулық сақтау министрлігі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына қаржыны тиімді пайдалану бойынша бірқатар тапсырма берді.
Салтанат Кеңесбекқызы