Жоғары технологиялар мен цифрлық трансформация саласында Қытай – көшбасында тұрған ел. Мұнда әлемдік нарықтың болашағын айқындайтын жаңа буын технологиялары мен инновациялық жобалар жүзеге асуда. Көршілес мемлекетке Шығыс Қазақстаннан барған делегация жұмыс сапары аясында Қарамай қаласындағы бірқатар жетекші кәсіпорындарға барып, цифрлық жобалармен танысты. Сапардың негізгі мақсаты — дамыған мемлекеттердің тәжірибесін зерделеп, оны өңірлік деңгейде тиімді пайдаланудың тетіктерін қарастыру.
Сапар барысында делегация мүшелері телекоммуникация және ақпараттық технологиялар саласындағы жетекші орынға ие Huawei компаниясында болды. Қонақтарға 5G технологиясы, «ақылды қала» жүйесі, жасанды интеллектіге негізделген соңғы жетістіктер ұсынылды. Әсіресе, білім беру мен денсаулық сақтау жүйелерін цифрландыруға арналған заманауи шешімдер айрықша қызығушылық тудырды.
Чу Тоу, «Huawei» компаниясының қызметкері:
Ақпараттық жүйелер мен стратегиялық маңызы бар деректер — цифрлық трансформацияның өзегі. Қауіпсіздік пен жасанды интеллект сынды технологиялар арқылы біз «ақылды қала» моделін дамытуға ықпал етеміз. Аймағымыздағы табиғи ресурстар мен бұлтты есептеу жүйелерінің арқасында Қазақстан мен Орталық Азия елдеріне жоғары сапалы IT-инфрақұрылым, деректермен жұмыс істеуге арналған жоба ұсынуға дайынбыз.
Делегация мүшелері интеллектуалды басқару жүйесі, қоршаған ортаға зиян келтірмейтін экологиялық және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған цифрлық жобалармен таныс болды. Екі ел арасындағы тәжірибе алмасу - жаңа технологиялар мүмкіндігін сарапқа салған озық алаңға айналды.
Мәди Мәліков, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ Ақпараттық технологиялар саласындағы құзыреттілік және технологиялар трансфері орталығының маманы:
Бүгін біз осы Қарамай қаласындағы Huawei дата-центріне барып көрдік. Осы жерде бізде келген делегацияға қысқаша экскурция жүргізіп өткізді. Huawei дата-центрі мысалы негізінде біздің Қазақстанда, Шығысқазақстанда, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-де де осындай дата центрлер ашылып, бізде студенттерге өздерінің жобаларымен айналысуға мүмкіндіктерді пайдаланса деген үмітім бар.
Делегация көмірқышқыл газы мен қоршаған ортаны бақылау технологияларын әзірлейтін СО₂ компаниясының жұмысымен танысты. Қарамай қаласындағы ғылыми-техникалық павильон қатысушыларға ерекше әсер қалдырды. Сарапшылар бұл сапарды жаңа технологияларды көру мүмкіндігі ғана емес, халықаралық деңгейдегі білім мен шешімдерге жол ашатын тәжірибе алмасу деп бағалады.
ДИДАР ЕРБОЛАТҚЫЗЫ