Денсаулық сақтау жүйесінің дамуы – мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтардың бірі. Ал, бұл салаға елеулі үлес қосып жүрген ақ халаттылардың орыны бір бөлек. Облыс орталығында денсаулық сақтау саласының үздіктері марапатталып, абзал жандарға құрмет көрсетілді. Шараға облыс басшылығы, медицина саласының ардагерлері мен үздік қызметкерлер қатысты.

Өткен жылы аймақтағы денсаулық сақтау саласына 92 млрд – қа жуық теңге бөлінген болса, биыл бұл көрсеткішті 97 млрд-қа дейін жеткізу жоспарланып отыр. Салтанатты жиын барысында аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, ақ халаттылардың қоғам алдындағы маңызын атап өтті.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Дені саудың – жаны сау. Бұл мемлекеттің де үлкен бір байлығы деп айта аламыз. Сондықтан осы мереке күні адам жанына араша болу жолында аянбай еңбек етіп жүрген сіздерді құттықтап, марапаттау жасау мен үшін үлкен мәртебе.

Ақ халаттылардың төл мерекесінде елуден астам қызметкер марапатталды. Облыс әкімі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің құрмет грамоталары мен төсбелгілерін, сондай-ақ облыс әкімдігінің грамоталары мен алғыс хаттарын үздік медицина қызметкерлеріне табыс етті. Бұдан бөлек, еңбек сіңірген медицина қызметкерлеріне «Сенім» республикалық қоғамдық бірлестігінің «Үздік» төсбелгілері берілді. Мұнда тәжірибелі мамандар да, жас кадрлар да бар.

Айжан Ахметова, Күршім аудандық ауруханасының аға медбикесі:

Жұмысымды 1988 жылы бастағанмын. 37-38 жылдай боп қойды. Жұмысым өзіме қатты ұнайды. Соның ішінде міне 25 жылдай аға медбике ретінде қызметімді атқарып жүрмін. Бүгінгі төл мерекемізде барлық әріптестерімді құттықтағым келеді. Ең бірінші байлық – денсаулық... құттықтаймын!

Өңірде медициналық нысандарды салу жұмыстары жалғасын табады. Алдағы уақытта облыс орталығындағы гематология орталығы, 200 төсек-орынды көпсалалы аурухана және Риддерде 500 келушіге арналған емхана халық игілігіне беріледі. Бұдан бөлек, облыстық көпсалалы Онкология және хирургия орталығының бөлімшелерін жаңғырту, сондай-ақ Ана мен бала орталығы стационарының ғимаратын перинаталдық орталыққа ауыстыру жұмыстары жүзеге асырылуда.

Екатерина Бухарина, Облыстық мамандандырылған медициналық орталығының бөлім меңгерушісі:

Мен медицина саласында қызмет атқарып жүргеніме 10 жылдай уақыт болды. Осы уақыт аралығында мен медицина саласының бір орында тоқтап қалмай, тек дамып, ілгерілеп келе жатқанын көрдім. Оның ішінде біздің орталық жаңа замануи медициналық құрал-жабдықпен толықтырылып жатыр.Осындай ұйымдастырылған шараға ризамын. Мереке құтты болсын!

Саладағы оң өзгерістердің бірі – ана мен бала денсаулығын жақсартуға бағытталған нақты көрсеткіштер.

Мадина Мырзабекова, Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

Бүгінгі марапат иелерін құттықтаймын! Айта кететінім, мен өзім ана мен бала жағын алып жүргендіктен, көкірегімізді кеңге жайып айта алатын жағдайларымыз бар. Жалпы, ШҚО бойынша ана өлімінің тіркелмеуі, сәбилер өлімінің азаюы 15 пайызға дейін азаюы тіркелуде. Жалпы медицина қызметкерлері ана мен бала жағында жүрген, барлық қызметкерлерді шын жүректен құттықтаймын! Табыс тілеймін. Алға қойған жоспар көп. Соған атсалысып жатқан осы медицина қызметкерлеріміз.

Шара соңында сала мамандарына алғыс сөздер айтылды. Салтанатты кеш концерттік бағдарламамен жалғасты.


Фатима Тілейханқызы