Көше кезген қаңғыбас иттер облыс орталығындағы Металлургтер саябағын тұрақты мекеніне айналдырған. Жауапты мекеме дерегінше, соңғы уақытта жануарлар тіпті балаларға шабуыл жасаған. Қала тұрғындары күн жылынса ушығатын бұл мәселеден мезі болып отыр. Өскемендіктер қаңғыбас иттен келетін қауіп артып, іс тынбай тұр, дейді. Мәселенің мән – жайын әріптесім айтсын.
Металлургтер саябағы – өскемендіктердің сүйікті орыны. Десе де, соңғы кездері демалыстан бұрын, қауіпсіздік мәселесі жанға батып жүр. Саябақ қонақтарының бірі иесіз қалған жануарға жанашырлықпен қараса, енді бірі бас амандығына алаңдайды. Ит-мысықты түбімен жоюға қолданыстағы заң жол бермейді. Төртаяқтылардың нақты иесі барын анықтау да мүмкін емес.
Еркежан Кадрышева, Саябақ әкімшісі:
Саябақта қаңғыбас иттер мәселесі өршіп тұр. Жыл сайын иттер топтаса қонақтар мен саябақ қызметкерлеріне шабуыл жасайды. Мысалы, мамыр айының өзінде бірнеше оқиға тіркелді. Тіпті итке таланған әйелдер мен балалар болған. Алаңдаулы ата-аналар бірнеше шағым түсірді. Қазір саябақ аумағында жүрген иттердің жартысына жуығы чиптелген. Бұған басты себеп - иттерді тамақтандыратын қонақтар. Әсіресе, зейнеткерлер жануарларға жиі тамақ алып келеді.
Мамандардың айтуынша, ит-мысықтарға арналған баспаналар жетіспейді. Бұл да - жағдайды ушықтырған мәселенің бірі.
Жұмағазы Оразалин, «Өскемен-вет» шаруашылық жүргізу құқығындағы КММ директоры:
Қолданыстағы заң бойынша иттер ұсталып, екпе мен стерилизациядан өтеді, содан кейін қайтадан табиғи мекеніне жіберіледі. Бірақ бұдан кейін жануардың балаға қайта шабуылдамауына кепіл жоқ. Өтініш түскен жағдайда арнайы бригада жіберіледі. Иттер талаған оқиғалар да бар. Жылына мыңнан астам өтініш келіп түседі. Алайда итті атуға заң жол бермейді.
Иесіз иттерді атуды бір жа¬ғы¬нан заң шектесе, екін¬ші жағынан жануарларды қор¬ғайтын азаматтар бар. Тұрғындардың жартысы иттен келер қауіпті алға тартса, келесі жартысы жанашырлық танытады.
Жануар жанашырлары мәселенің екіжақты әділ шешілгенін қалайды. Адамға да, иесіз иттерге де оңтайлы шешім керек, дейді олар. Дегенмен қараусыз иттен келер қауіп көп. Жыл сайын бұл мәселе халықты алаңдатып, күн тәртібінен түспей тұр.
ДИДАР ЕРБОЛАТҚЫЗЫ